Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов дзюдодан Grand Slam турнирі мен жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Азия чемпионатына қатысатын ұлттық құрамалармен кездесіп, дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесуде 6-8 ақпан күндері Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтетін жеңіл атлетикадан жабық кешендегі XII Азия чемпионатына, сондай-ақ 7-8 ақпанда Францияның Париж қаласында ұйымдастырылатын дзюдодан Grand Slam турниріне дайындық деңгейі талқыланды. Аталған жарыстар биыл қыркүйекте өтетін Азия ойындары алдындағы маңызды кезең ретінде бағаланып отыр.
Ұлттық құрамалардың бас бапкерлері спортшылардың қазіргі физикалық және тактикалық дайындығы, оқу-жаттығу жиындарының нәтижелері мен алдағы жарыстарға қойылған негізгі мақсаттар туралы баяндады.

Сонымен қатар спорт саласында жүргізіліп жатқан реформаларға да назар аударылды. Министр Мемлекет басшысының спортты дамытуға, спорт резервін қалыптастыруға және балалар мен жастарды спортқа тартуға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.
Ербол Мырзабосынов спорттағы адал ойын қағидаттары мен қоғамдағы заң үстемдігі арасындағы байланысты да атап өтіп, әділ ереже мен ашықтық сенім мен нәтижеге бастайтынын айтты.
Қазіргі таңда жаңа Конституция жобасының ашық талқылануы – қоғамның дамып, азаматтық белсенділіктің артқанын көрсетеді. Реформалардың басты мақсаты – адам құқықтарын қорғауды күшейту, заң үстемдігін нығайту және әділ қоғамдық тәртіп қалыптастыру, – деді министр.
Кездесу соңында ортақ ережеге деген сенім спортта да, қоғамда да тұрақты даму мен алға ілгерілеудің негізі екені атап өтілді.