Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Гонконгтың білім хатшысы Чой Юклинмен және бірнеше жоғары оқу орындарының басшылығымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, министр Гонконгтың оқу гранттарын бөлу туралы және Қазақстанда гонконгтық жоғары оқу орнының филиалын ашу туралы бірқатар келісімге қол қойды.
Гонконгтың білім хатшысымен кездесуде министр Саясат Нұрбек Қазақстанның жоғары білім және ғылым жүйесін дамыту мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі жүргізіп жатқан реформалар туралы айтты.
Оның ішінде «Болашақ» және «500 ғалым» бағдарламалары, Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы.
Өз кезегінде, Чой Юклин министрді Гонконгтың білім беру жүйесімен таныстырды. Тараптар ғылым және жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен тереңдету мәселесін талқылады.
Кездесудің қорытындысы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Гонконг білім бюросы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Келісім шеңберінде тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастықты көтермелеуге және ілгерілетуге, қазақстандық оқушыларға бакалавриатта оқуға гранттар бөлуге, ғалымдар, сарапшылар, студенттер, ЖОО профессор-оқытушылар құрамы және т. б. алмасуға жәрдемдесуге уағдаласты.
Сол күні, Саясат Нұрбек Hong Kong Polytechnic University (PolyU) президенті профессор Jin-Guang Teng-пен кездесті.