Головкиннің келесі жекпе-жегі қашан өтеді?

2 Маусым 2020, 19:10
1556
Бөлісу:
Головкиннің келесі жекпе-жегі қашан өтеді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бокстан орта салмақта IBF және IBO тұжырымдарының чемпионы Геннадий Головкин коронавирус пандемиясынан соң алғашқы жекпе-жегін тамыз айында өткізуі мүмкін. Бұл туралы боксшының промоутері Эдди Хирн мәлімдеді.

Өткен аптада Matchroom Boxing компаниясының промоутері Эдди Хирн DAZN стримингтік жүйесімен Геннадий Головкиннің келесі жекпе-жегі бойынша келіссөзді бастап кетті. Қазақстандық боксшы DAZN стримингтік жүйесінің АҚШ-та өткізетін бокс кешінің басты жекпе-жегіне шығып қалуы мүмкін.

DAZN-мен бірге алдағы жарты жылдықтың жоспары бойынша жұмыс істеп жатырмыз. DAZN-ге көрермендерді тарту үшін қызықты айқастар қажет. Біз үлкен жекпе-жектерге оралуымыз қажет, - деп келтіреді Эдди Хирннің сөзін Boxingscene басылымы.

Matchroom компаниясының коронавирус пандемиясынан соң АҚШ-тағы алғашқы бокс кештері Флорида штатында өтуі мүмкін. Қазірдің өзінде бокс кештеріне көрермен келмейтіні анық.

Флорида - бокс кешін өткізуге ең ыңғайлы жер. Ол жақта UFC жобасын сәтті өткізіп жатыр, - деді Эдди Хирн.

Бұған дейін батыс басылымдары Геннадий Головкин келесі жекпе-жегінде IBF чемпиондық белбеуіне міндетті үміткер Камил Шереметаға қарсы жұдырықтасатыны жайында жарыса жазған болатын. Бұдан кейін желтоқсан айында GGG мексикалық Сауль Альвареспен шаршы алаңда кездеседі деп күтілуде. 

Головкин соңғы жекпе-жегін өткен жылы Нью-Йорк қаласындағы Madison Square Garden кешенінде өткізіп, украиналық Сергей Деревянченконы жеңген болатын. 

Өзгелердің жаңалығы