Головкин мен «Канело» соңғы баспасөз мәслихатын өткізіп, көз арбасты

16 Қыркүйек 2022, 08:18
1027
Бөлісу:
Головкин мен «Канело» соңғы баспасөз мәслихатын өткізіп, көз арбасты

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (42-1-1, 37КО) мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес (57-2-2, 39КО) үшінші жекпе-жек алдындағы соңғы баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Sports.kz порталына сілтеме жасап.

Бұл жерге оралғаныма қуаныштымын. Соңғы сапарымнан кейін төрт жыл өтті. Қазір мен осындамын. Меніңше, бұл бүтін бокс әлемі үшін ең үлкен күн. Фанаттарға ең үлкен сый. Өзімді жайлы сезінемін, мен бабымдамын, мен дайынмын. Жеңіске жететініме, өз-өзіме, өз командама, маған қолдау білдіріп отырған адамдарға сенімдімін. «Канело» екеуіміз кәсіпқой спортшымыз. Оның стратегиясы анағұрлым агрессивті, ал мен көбіне тәжірибеме сүйенемін. Көреміз. Ринг кімнің мықты екенін көрсетеді. Бұл өмірде бәрі де болуы мүмкін, - деді Головкин.

Өз кезегінде Сауль Альварес Головкинді мерзімінен бұрын жеңетініне сенімі барын атап өтті.

Рингке қайта оралғаныма қуаныштымын. Бұл маған үлкен эмоция және мотивация береді. Бұған дейінгі жекпе-жегімде жеңіліп қалдым, бірақ мен өз жолымнан таймай, үнемі алға – шыңға ұмтылатын адаммын. Мен өте көп жұмыс істедім және бұл кездесуді 12 раундта аяқтай алатынымды сеземін. Бұл ауыр болатынын білемін, алайда өмірде еш нәрсе оңай берілмейді. Мен үнемі қиындықтарды еңсеруге тырысамын. Бұл айқасты мерзімінен бұрын аяқтауға шынымен де оқталып отырмын. Онымен бір мезгілде, алдымда ауыр қарсылас, мықты әрі ақылды боксшы тұрғанын білемін. Дегенмен, менің мақсатым осы, - деді «Канело».

Тілшілерге сұхбат бергеннен кейін боксшылар дәстүрлі көз арбасу рәсімін өткізді.

Еске салайық, Головкин-Альварес жекпе-жегі 18 қыркүйек күні (астана уақытымен) Лас-Вегастың (США) T-Mobile Arena кешенінде өтеді.

Қазақстандықтар бокс кешін «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирден көре алады. Басталуы – 18 қыркүйек, сағат 05:00. Басты айқас шамамен 08.00-де басталады.

GGG мен «Канело»-ның 2017 жылы өткен алғашқы айқасы төрешілердің түрлі дауысымен тең аяқталған. 2018 жылы болған рематч төрешілердің басым дауысымен Альварестің пайдасына шешілді. Трилогия суперорта салмақта (бірінші және екінші кездесулер орта салмақта өткен болатын) өтеді. Қазір бұл санаттағы барлық чемпиондық титул «Канелоға» тиесілі. Ал Головкиннің еншісінде WBA Super, IBF және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы белдіктер бар.

Өзгелердің жаңалығы