Головкин Халықаралық гимнастика федерациясының басшысымен кездесті

8 Желтоқсан 2024, 17:07
253
Бөлісу:
Головкин Халықаралық гимнастика федерациясының басшысымен кездесті
Фото: ҰОК

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық гимнастика федерациясының (FIG) басшысы Моринари Ватанабэнің шақыруымен оның кеңсесіне барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанда гимнастиканы дамыту мәселелерін және қазақстандық спортшылардың халықаралық деңгейдегі жетістіктерін талқылады.

Геннадий Головкин Моринари Ватанабэні FIG президенті қызметіне қайта сайлануымен құттықтап, гимнастиканы дамыту мен танымал етуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Өз кезегінде Моринари Ватанабэ Қазақстанның айтарлықтай жетістіктерін атап өтіп, әлемдік гимнастиканы дамытудағы еліміздің маңызды рөліне ерекше назар аударды. FIG басшысы Қазақстан гимнастика федерациясының белсенді қызметін және Olympic Solidarity бағдарламасы бойынша курстар ұйымдастыруды атап өтті.

Сонымен қатар ол Қазақстан федерациясының екі өкілінің FIG басқару органдарына сайланғанын атап өтіп, Қазақстанмен одан әрі ынтымақтастық, жоғары білікті спортшыларды дайындау сапасын арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Айта кетейік, 2024 жылдың қазан айында Қазақстан гимнастика федерациясының вице-президенті Даниса Дүйсенғалиева Халықаралық гимнастика федерациясы кеңесінің мүшесі болып сайланды. Ал федерацияның тағы бір вице-президенті Алуа Бектұрова FIG көркем гимнастика жөніндегі Техникалық комитетінің мүшесі атанды.

«Моринари Ватанабэнің FIG президенті қызметіне қайта сайлануы – оның еңбегіне деген сенім мен құрметтің белгісі. Қазақстан әлемдік спортты дамытуға белсенді қатысуды жалғастырады және Халықаралық гимнастика федерациясымен ынтымақтастық, еліміздегі гимнастиканың жаңа мүмкіндіктерін ашатынына сенімдіміз», — деді Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин.

Өзгелердің жаңалығы