Үндістанның солтүстігіндегі Уттаракханд штатындағы Харидвар қаласындағы ғибадатхана маңында болған дүрбелеңнен 8 адам қаза тауып, 34 адам жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Times of India басылымына сілтеме жасап.
Оқиға мыңдаған қажы таудың басында орналасқан Манса Деви ғибадатханасына қарай бет алған кезде болған. Ғибадатханаға апаратын тар баспалдақ адамдарға лық толып кеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, электр сымы үзілген кезде қажылардың арасында үрей басталып, адамдар жан-жаққа жүгіре жөнелген. Соның салдарынан дүрбелең туындаған, – деп жазады басылым.
Айта кетейік, Үндістанда діни орындарға және қажылық бағыттармен жаппай ағылатын халық арасында осындай қайғылы оқиғалар жиі тіркеледі.
Биылдың өзінде діни іс-шаралар кезінде адам қысылып қалу фактісінің 50 жағдайы тіркелген.
Еске салайық, бұған дейін Үндістанның Раджастхан штатында мектеп шатыры құлап, 4 бала қаза тапқан болатын.