Германиядан келген жаңа басшы 4 аптада қандай іс тындырғанын айтты

11 Қазан 2019, 14:45
3202
Бөлісу:
Германиядан келген жаңа басшы 4 аптада қандай іс тындырғанын айтты
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Германиядан келген жаңа басшы Михаэль Кортюм «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының бас директоры қызметінде төрт аптаның ішінде қандай іс тындырғанын айтты. 

Бұл туралы шетелдік басшының қатысуымен өткен бүгінгі брифингте белгілі болды. 

Неміс маманының айтуынша, еліміздегі жолаушылар вагондарының көбісі – қырық жылғы, оларды жаңарту керек.

«Қазақстанның дархан даласын пойызбен аралап, көзіммен көрдім. Пойыздың жай-күйімен танысу мақсатында Алматы, Павлодар қалаларына бардым. Тальгомен де, стандартты пойызбен де жүрдім. Бәрі таза, уақытында жеттік және жолсеріктері де жүзі жылы, шырайлы адамдар екен. Дегенмен, келіп түскен арыз-шағымдар өте көп. Сондықтан біз сервис сапасының қызметін жетілдіру үшін жұмыс істеуді бастап кеттік», - деді Кортюм мырза. 

Темір жолдағы келеңсіздіктерді жоюда отандық мамандардың шамасы келмеген шаруа енді неміс мамандарының мойнына жүктелді. Жаңадан тағайындалған шетелдік директор үш айдың ішінде бәрін өзім тындырамын деп отыр. Бұл орайда, үнемділігі әрі ұқыптылығымен жаһанға аты мәшһүр немістердің бірауыз сөзіне сенбеу мүмкін емес. 

Белгілі болғандай, компания жолаушылар вагондары паркін жаңартуды бастап кеткен. Алдағы 22 қазан күні су жаңа 23 вагондарды қабылдап, оларды іске қосатын болады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшысы журналистерді сол қабылдау шарасына қатысуға шақырып, сапасына көз жеткізіңіздер деді. 

«Заманауи вагондар көмірмен жылытылмау керек. Олар экологиялық таза болуы тиіс. Біздегі қолданыстағы вагондар күрделі жөндеуді қажет етеді. Қазақстандағы вагондар 30-40 жыл бойы жүріп келеді. Оларды жаңартатын уақыт келді. Иә, Еуропада да олар 30-40 жыл жүре береді. Бірақ, мәселе оның сапасында», - деп  түсіндірді «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры.

Брифинг барысында компанияны дамыту жоспарлары, сервистік қызмет көрсетуді жетілдіру, вагондарды сатып алу және жөндеуден өткізу, сонымен қатар билет сату жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды. 


Өзгелердің жаңалығы