Германия, Дубай және Ресей. Су тасқыны әлем бойынша болып жатыр

19 Сәуір 2024, 12:00
1974
Бөлісу:
Германия, Дубай және Ресей. Су тасқыны әлем бойынша болып жатыр
Фото: AP

БҰҰ 2030 жылға қарай әлемде жылына 560-қа жуық табиғи апат болады деп болжам жасады. Бұл апаттардың шамамен 75 пайызы климаттың өзгеруіне байланысты болмақ. Осы орайда жыл басынан бері елімізде және дүниежүзі бойынша болған су тасқындары еске келеді. BAQ.KZ тілшісі әлемде болған апаттарға шолу жасап көрді. 

Еуропадағы апат

2023 жылы дүниежүзі бойынша температура рекорды жаңарып, әлемде құрғақшылық, өрт және су тасқыны апаттары болды. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың шығын мен залал қорын ашу арқылы жаһандық деңгейде теңсіздікті шешуіміз керек. Сондай-ақ 2027 жылға қарай жер бетіндегі әрбір адам ерте ескерту жүйесімен қамтылуы керек - деген еді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.

Биылғы апаттардың алғашқы жаңалықтары жыл басында Германия мен Франциядан келді. Бірнеше аптадан бері толассыз жауған жаңбырдың салдарынан су тасқыны болып, екі елді су басты. Көптеген аймақтарда бөгеттер көтерілген судың қысымына төтеп бере алмады. 

Су тасқынынан германиялық Саксония-Анхальт, Тюрингия және Төменгі Саксония тұрғындары көп зардап шекті. Әсіресе Хунте өзенінің арнасынан асып кеткен Ольденбургте жағдай қиын болды.

Ал Францияның батысы мен солтүстігіндегі 10 департаментте «қызғылт сары», кейін «қызыл» ескерту деңгейі жарияланды. Хаут-де-Франс және Пас-де-Кале аймақтарының тұрғындары қараша айындағы жойқын су тасқынынан енді қалып келе бастаған еді. Екі айдан кейін олар үшін қорқынышты сценарий қайталанады.

Бұл қазірдің өзінде екінші су тасқыны. Біз оны қашан тоқтатамыз және қайда қоныстанамыз, - деп ашынған еді сол кезде халық.

Сондай-ақ қатты жаңбыр мен жел Лиссабон мен Португалия астанасының маңында жергілікті су тасқынына әкелді. Су тасқынынан Лиссабонда бірқатар көшелер жабылып, көлік қозғалысына қиындық туғызды.

Америка, Африка және Азия

Наурыз айында Америка құрлығынан да осындай хабарламалар келе бастады. Мәселен Аргентинада толассыз жаңбыр жауып, Буэнос-Айрестің барлық аудандары су астында қалды. Мыңдаған үй жарықсыз қалып, кем дегенде бір адам қаза тапты. Көптеген көлік су астында қалды.

Буэнос-Айрес әуежайларында ондаған рейс тоқтатылған еді. Жергілікті тұрғындар кәріз құдықтарындағы қалдықтарды тазарту арқылы үйлерін су басып қалмауға тырысты. Ал ауыл шаруашылығымен айналысатын аймақтардағы алқаптарды су басып, егін жинау қиындап кетті.

Германия, Дубай және Ресей. Су тасқыны әлем бойынша болып жатыр
Фото: ©REUTERS/Enrique Marcarian

Сонымен қатар Эквадор астанасы Китода күшті су тасқыны болды. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, бір адам қаза тапқан. Табиғи апаттың салдарын жою және жергілікті тұрғындарға көмек көрсету үшін зардап шеккен аймаққа төтенше жағдайлар қызметі мен полицейлер жеткізілді. 

Олар көшелер мен нөсер кәріздерін тазалап, судың тез ағып кетуіне көмектеседі. Толассыз жауған нөсердің салдарынан су құрсауында қалған балабақшадан 16 бүлдіршін эвакуацияланды. 

Неге екені белгісіз, алдыңғы екі жылмен салыстырғанда қазір жауын-шашын аз. Әйтсе де, бұл тасқынның алдын алуды қала билігі жүзеге асыруы керек еді. Осыдан екі жыл өтпей жатып, бізде көптеген адам шығыны болған су тасқыны болды, билік қайғылы жағдайдың қайталанбауы үшін барлығын жасауға мәжбүр болды, - дейді Кито тұрғыны Хосе Луис Уриас.

Апат айтып келмейді дегендей, төтенше жағдай Жердің әр аймағында болып жатыр. Мысалы көп кезде су жетпей, құрғақшылықтан зардап шегетін Африка құрлығы да биыл судың астында қалды. Кенияда астанасы Найроби маңында бірнеше өзен арнасынан асып, ондаған елді мекендер мен тас жолдарды су басты.

Адамдарға жоғарырақ жерге көшіп, сол жерде көмек күтуге кеңес берілді. Метеорологтардың мәліметінше, Кенияда дабылдың жоғары деңгейі енгізілді.

Германия, Дубай және Ресей. Су тасқыны әлем бойынша болып жатыр
Фото: AP

Ал Пәкістан мен Ауғанстанда табиғи апат көптеген адамның өмірін қиды. Пәкістанда найзағай мен нөсер жауын салдарынан кем дегенде 36 адам қаза тапты.

Құрбан болғандардың кейбірі бидай орып жатқан диқандар да найзағай соққан. Қалғандары толассыз жауған жаңбыр салдарынан құлаған үйлерінің қирандыларының астында қаза тапты. Билік елдің оңтүстік-батысында төтенше жағдай жариялап, жауын-шашынның жалғасуын болжады.

Эколог Рафай Алам Пәкістанда сәуір айында жауған ерекше жаңбырдың басты себебі климаттың өзгеруін көрсетеді. Сондай-ақ ол бұл құбылысты 2022 жылдың жазындағы апаттан 1700-ден астам адамның өмірін қиып, елдің үштен бір бөлігін су басқан алапат су тасқынымен байланыстырады.

Ауғанстан да маусымдық жауын-шашын салдарынан қатты су тасқынына тап болды. Болған табиғи апаттар ауыл шаруашылығы жануарларының қырылуына, ауыл шаруашылығы саласына зиянын тигізіп, егіс алқаптарының үлкен аумақтары мен жол инфрақұрылымы жойылды.

Жақында жауған жаңбыр мен су тасқыны салдарынан 50 отандасымыздан айырылып қалдық, 36 адам жараланды. Жалпы осы су тасқыны салдарынан 400-ге жуық мал қырылып, 706 үй қирап, тағы 1606 үй зардап шекті, - деді министрлік өкілі Жанан Сайек.

Біріккен Араб Әмірліктерінде толассыз жауған жаңбыр салдарынан Дубайда қатты су тасқыны болды. Байлық пен сән-салтанаттың символына айналған аймақтың табиғатқа қауқарсыз болған кадрлары әлемді шарлап кетті. 

Елдегі жолдар, метро станциялары және көптеген ғимараттардың бірінші қабаттары, соның ішінде Dubai Mall және Mall of Emirates ірі сауда орталықтары су астында қалды. Дубай халықаралық әуежайы сейсенбіде ондаған рейсті тоқтатты. Ұшақтар көршілес Абу-Даби әмірлігіне қонған.

Ел билігі тұрғындарды қажет болмаса үйлерінен шықпауға шақырды. Мемлекеттік мекемелер, мектептер мен университеттер қашықтан жұмыс істеуге және оқуға көшті.

Жаңбыр мен су тасқынынан Бахрейн мен Катардың бір бөлігі де зардап шекті. Оманда су тасқынынан қаза тапқандар саны 18-ге жетті, із-түзсіз жоғалған екі адамды іздеу жалғасуда, деп хабарлады сейсенбі күні Ұлттық төтенше жағдайлар комитеті.

Ресей

2024 жылдың сәуіріндегі су тасқыны Ресейдің ондаған облысындағы су тасқынына әкелді. Орынбор облысындағы Орск қаласы табиғи апаттан ең көп зардап шекті. Елдегі онда су бөгеті бұзылды.

Орынбор маңындағы Жайық өзеніндегі су деңгейі 1143 см-ге жетіп, қауіпті межеден екі метрден асты. Қалада сирена қосылды, су тасқынына байланысты тұрғындарды жаппай эвакуациялау жүргізілді.

Бұған дейін қала әкімдігі Орынборда бір тәулікте 361 үй мен 995 шаруашылық телімі су астында қалып, 88 адам қауіпсіз жерге көшірілгенін, қазір су тасқынынан зардап шеккен 165 адам уақытша орналастыру орталықтарында жатқанын хабарлаған. Билік өкілдерінің айтуынша, су тасқыны салдарынан қалада барлығы 2687 үй су астында қалды.

Германия, Дубай және Ресей. Су тасқыны әлем бойынша болып жатыр
Фото: Sergei Medvedev/TASS/dpa/picture alliance

Сонымен бірге бөгет бұзылып, бірінші болып су басқан Орскіде су деңгейі біртіндеп төмендей бастады, деп хабарлады жергілікті билік. Дегенмен, қаладағы 5 мыңнан астам үй әлі де су астында жатыр. Айта кетейік, бұған дейін Орск қаласында 2010 жылы пайдалануға берілген қорғаныс бөгеті бұзылды. Осыған байланысты тергеушілер құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу және абайсыздық баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.

7 сәуірден бастап Орынбор облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдайға байланысты федералдық төтенше режим күшіне енген. Облыста барлығы 67 елді мекендегі 11 мыңнан астам үйді су басқан.

Ал Қорғандағы Тобыл өзеніндегі су деңгейі қауіпті мәннен 1 метрге асып кетті, таяу күндері су тасқынының шарықтау шегі күтілуде. Түмен облысындағы Есіл өзенінің суы күрт көтеріліп жатыр. 

Өзгелердің жаңалығы