Иранмен соғысқа байланысты халықаралық туризмнің азаюы аясында Дубайдағы люкс санаттағы қонақүйлер нөмір бағасын күрт түсіріп, жергілікті тұрғындарға арналған арнайы ұсыныстарды (staycation-пакеттер) белсендірек ұсына бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Business Insider басылымының бағалауынша, кейбір қонақүйлерде тұру құны 50 пайыздан астамға арзандаған. Бұл туралы Tengri Travel хабарлады.
Бес жұлдызды Jumeirah және Burj Al Arab қонақүйлері БАӘ резиденттеріне тұру құнына 30 пайызға дейін жеңілдік ұсынып, қосымша бонустар да беріп жатыр. Мәселен, «біреуінің бағасымен екеуі» акциясы аясында спа-процедуралар ұсынылуда. Сонымен қатар Burj Al Arab қонақүйінде екі ересек адамға арналған ең төменгі баға наурыз айында бір түнге 905 доллар болса, сәуірде ол 1514 долларға дейін өседі.
Бес жұлдызды Shangri La Abu Dhabi қонақүйі де жергілікті тұрғындарға staycation ұсыныстарын жарнамалап, тамақтануға 15 пайыз жеңілдік беріп отыр. Ал JBR ауданындағы Address Beach Resort қонақүйі 5 наурыз бен 30 сәуір аралығында резиденттерге тұру құнына 30 пайызға дейін жеңілдік ұсынады. Жеңілдіксіз наурыз айында екі ересекке арналған нөмірдің ең төменгі бағасы шамамен бір түнге 320 долларды құраса, сәуірдің ортасына қарай ол 571 долларға дейін қымбаттайды.
Төрт жұлдызды Roda Beach Resort қонақүйі акция жарияланғаннан кейін-ақ бір күннің ішінде ұсынысты ұзарту және арзанырақ staycation-пакеттерге қатысты көптеген сұраныс түскенін хабарлады. Қонақүй алдағы үш апта ішінде нөмірлерді бір түнге 108 доллардан бастап ұсынып отыр.
Жақында іске қосылған Hotel Drops Dubai сайты қаладағы ондаған төрт және бес жұлдызды қонақүйлердегі бағаны нақты уақыт режимінде бақылап отырады. Оның мәліметінше, кейбір қонақүйлерде жеңілдіктер шамамен 65 пайызға дейін жеткен.
International Business Times басылымы Иран төңірегіндегі қақтығыс салдарынан Таяу Шығыс өңірі шетелдік туристерден түсетін табыстан күніне шамамен 600 миллион доллар жоғалтып отырғанын жазады. Жағдайды бірқатар әуе компаниясының рейстерді тоқтатуы да қиындата түскен. Атап айтқанда, British Airways, Cathay Pacific және Air Canada өңірдегі негізгі әуе тораптарына, соның ішінде Дубайға ұшуды уақытша тоқтатқан.