Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Геннадий Шиповских: Ассамблеяны таратып жатыр деген қате пікір

Жансая ҚАМБАР
Бүгiн, 16:24
215
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов

Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Сенатор Геннадий Шиповских Ұлттық құрылтайда айтылған мәселелердің ең маңыздысы конституциялық реформа бойынша Президент айқындаған үш мәселе екенін айтып, оның себебін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бірінші мәселе – Парламенттік жүйеге қатысты өзгерістер. Болашақта еліміздің Парламенті 145 депутаттан және 8 комитеттен тұратын болады. Бұл конституциялық реформаның тек Сенаттағы өзгерістермен шектеледі деген пікірдің қате екенін айқын көрсетеді. Қазіргі құрылымда Мәжілісте 7 комитет, Сенатта 6 комитет болса, алдағы уақытта біртұтас әрі ықшам жаңа жүйе қалыптасады. Бұл Парламент жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам, - деді Шиповских.

Екінші мәселе – Вице-президент институтын енгізу. Сенатордың айтуынша, бұл бастама билік жүйесінде саяси сабақтастық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Вице-президент Президенттің өкілеттігін жүзеге асыруда қосымша тірек болып, басқару үдерісіндегі бірқатар маңызды мәселелерді үйлестіреді. Мемлекет басшысы атап өткендей, Президенттің негізгі басымдықтарының бірі – халықаралық форумдар мен сыртқы саясат. Осы тұрғыда Вице-президент институты президенттік билікке нақты қолдау көрсететін тиімді тетік болмақ, - деді депутат.

Үшінші мәселе – Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи миссиялары. Геннадий Шиповских бұл институттар өз міндеттерін абыроймен атқарғанын атады.

Болашақта олардың орнына “Қазақстанның Халық Кеңесі” атты жаңа жоғары консультативтік орган құрылмақ. Оның құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де болады. Сондықтан Ассамблеяны таратып жатыр деген пікір – қате түсінік. Бұл құрылым еліміздегі бірлік, тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайту жолында үлкен рөл атқарып келді. Қорыта айтқанда, бүгінгі құрылтай еліміздің Конституциялық жаңару дәуірінің табалдырығында тұрғанын көрсетеді. Бұл – байыппен жүзеге асатын, ел болашағы үшін аса маңызды саяси процесс, - деді сенатор.

Еске салсақ, бүгінгі Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламент "Құрылтай" деп аталуы мүмкін екенін атап өтіп, жаңа Парламенттің құрамы мен құрылымына қатысты жұмыс тобы талқылаған негізгі ұсыныстарды таныстырды. Сөзінше, жаңа Парламенттің мандат саны 145 болуы мүмкін. Белгілі болғандай, жаңа Парламент 5 жылға сайланады.

Сондай-ақ жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы елде қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізуге арналған жаңа институт – Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы