World Boxing халықаралық федерациясының төрағасы, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёевпен өткен кездесуден кейін Instagram парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Головкин Өзбекстан басшысына жылы қабылдауы үшін алғыс білдіріп, мемлекет тарапынан бокстың ең жоғары деңгейде қолдау табуы спорттың дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев мырзаға жылы қабылдағаны үшін алғысымды білдіремін. World Boxing халықаралық федерациясының басшысы ретінде бокстың мемлекет тарапынан ең жоғары деңгейде қолдау табуы мен үшін ерекше маңызды. Спорттың бұл түрін дамыту және оның халықаралық әрі олимпиадалық қозғалыстағы рөлін талқылауға мүмкіндік туғаны үшін қуаныштымын, – деп жазды ол.

Айта кетейік, Геннадий Головкин қазіргі таңда World Boxing халықаралық федерациясын басқарады. Сонымен қатар ол Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметін атқарады. Кездесу барысында боксты дамыту, халықаралық ынтымақтастық және олимпиадалық қозғалыстағы орнына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қозғалған.