Геннадий Головкин халықаралық спорт ұйымындағы жоғары қызметке үміткер

Қазақстан ҰОК президенті Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының вице-президенті қызметіне кандидаттар тізіміне енді

 X/GGGBoxing 13 Тамыз 2026, 08:08
13 Тамыз 2026, 08:08
95
Фото: X/GGGBoxing
Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) Азия және Еуропа бойынша вице-президенті қызметіне ресми түрде кандидат ретінде тіркелді.

Головкиннің кандидатурасы біліктілік және этикалық талаптарға сәйкестігі бойынша қажетті тексеру рәсімдерінен өткен.

Геннадий Головкин Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің атынан ISSA-ның 2026–2029 жылдарға арналған Атқарушы комитеті сайлауына кандидат ретінде тіркелді, – делінген ҰОК хабарламасында.

Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығы Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің ұлттық олимпиада комитеттерін біріктіреді. Қауымдастықтың басты спорттық шараларының бірі – Ислам ынтымақтастығы ойындары.

Геннадий Головкиннің кандидатурасы бойынша сайлау 2026 жылғы 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтетін ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында ұйымдастырылады.

Егер Головкин сайланған жағдайда, ол аймақтағы олимпиадалық спортты дамытуға және халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтуға қатысты шешімдер қабылдауға қатысады.

Наверх