Қайғылы оқиға жеке тұрғын үйде болған. Газ қондырғысының салдарынан үй мен үй ауласында тұрған автокөлік жарылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылында болған оқиға көпшілікті алаңдатып отыр. Газ құбырынан ақау шыққандыққан үй ауласындағы автотұрақта тұрған көлік жарылып, іргедегі үйді қоса жарып жіберген. Жетісу облыстық ТЖД Талдықорған қаласы ТЖБ бастығының орынбасары азаматтық қорғау майоры Данияр Айтқұлұлының айтуынша, мамандар оқиға салдарын тексеріп жатыр.
Апат айтып келмейді. Өкінішке қарай үйінді астынан көлік иесінің қызы қалып қойған. Біз дереу арада көмек көрсетіп, ауруханаға жеткіздік. Көлік иесі көлікті қыздырғанда газдың қысымымен жарылыс болған секілді. Әзірге оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Қажетті техника толық келіп, шұғыл жұмыстар жүргізілді,- дейді майор Д.Айтқұлұлы.

Өкінішке қарай, көлік иесі – әскери қызметкер 40 жастағы Павел Гунькин екенін белгілі болды. Ол ертемен қызын мектепке жеткізіп салу үшін гаражда тұрған көлігін оталдырған. Алайда газ желісінің ауаға таралуынан көлік тұтанып, жарылып кеткен. Іргелес үй де үйіндіге айналған.
Өзіміз түсінбей қалдық, не болғанын аңғарып та үлгермедік. Көлікке кеткен бойда аз уақытта дала көк түтінге оранды. Жолдасым жарылыс салдарынан бірнеше метрге ұшып кетті. Жәдел жәрдем шақырып дереу ауруханаға жеткіздік. Қазір жағдайы бірқалыпты. Мектепке жиналған қызымызды үйінділер астынан тауып алдық. Ол шошып қалған, - деді әскери қызметкердің әйелі Марина Гунькина.
Құтқарушылардың айтуынша, оқиға орнына дереу ТЖД күштерінен 20 адам мен 6 техника жіберілген. Олар жылдам әрекет еткен. Жарылыс салдарынан 50 шаршы метр аумақтағы шаруашылық пен қора-жайлар қираған.
Ақмарал ҚАЙРАТ