Ғалымның ғылымға қосқан еңбегі аса құнды болды – Айгүл Ісмақова

19 Шілде 2021, 19:10
3405
Бөлісу:
Ғалымның ғылымға қосқан еңбегі аса құнды болды – Айгүл Ісмақова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ғылыми ортада ғылыми этика мен адамдықты басты етіп, маңайына мейірім шуағын тарататындар көп емес. Өткен аптада тура осыны бізге көрсетіп кеткен нағыз Ғалым өмірден өтті. Бірнеше Институттар жасайтын ғылыми жобаларды профессор Әбсаттар Дербісәлі бір өзі атқарып кетті, деп жазды ғалым Айгүл Ісмақова.

ҚР Білім және Ғылым комитеті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер Институтының менің жетекшілігімен іске асқан іргелі ғылыми жобасы негізінде жарияланған екі томдық «Қазақ әдебиеттану тарихы» 2009 жарыққа шықты. Осы ұжымдық зерттеудің «Қазіргі кездегі әдебиеттанудың теориялық мәселелері» тараушасында ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің қазақ әдебиетінің бастауларын  зерттеуге қосқан зор үлесін арнайы қарастырған едім. («Қазақ әдебиеттану тарихы» 2009, 2 том, 186-196 бб.) Бұл зерттеу негізіндегі бірнеше мақалаларым сол кезде шет елдегі басылымдарда жарияланды. 2010 жылы Болгариядағы ғылыми жинаққа енген көлемді мақаламды Әбсаттар ағама шет елдегі шәкірттері тауып беріпті. Әбекең маған рахметін айтып, осыдан кейін өз ғылыми зерттеулерімен мені хабардар етіп тұратын болды. Шет Елге арнайы іссапармен батарын Бас Муфти қайда барса да сол елдегі ғылыми кітапханаларға соғып қазаққа қатысты ғылыми мұраның скан нұсқаларын әкеле бастады, - деп жазды Айгүл Ісмақова.

Бұлар Каир, Стамбул, Бағдад, Рабат, Тунис, Тегеран, Санкт Петербург, Ташкент шаһарларынан әкелген ортағасырлық Ұлы дала мәдениеті мен рухани өмірінің жоғары деңгейде болғанын дәделдейтін құнды мағлұматты жәдігерлер еді. 

Орталық мешіттегі муфтияттың ғимаратына ғалымдар осындай қолжазбаларды көру үшін баратынбыз. Мен олардың ретін жазып алып жүрдім. Араб, парсы, түрік, ағылшын, неміс тіліндегі бізде жоқ құнды кітаптардың көшірмелері муфти кабинетінің  төрінде менің бойыма жақын биіктікке дейін жиналған болатын. Аға бұны қалай әкелдіңіз дегенде ол кісі сол жақтағы шәкірттерінің көмегі болғанын мақтанышпен айтатын.

Муфтилық қызметімен қоса біздің ғылыми айналымға осыншама ғылыми,әдеби жәдігерлерді арқалап әкелген Ғалымның осы ықыласын басқа ешкімнен көрмедім. Бұл құнды мұра кейн қайда екенін сұрауды ұмытыппын: профессор Әбсаттар Дербісәлі соңғы күндеріне дейін тың еді. Шет елге барғанда қара бастың қамы емес, Елге қажетті осыншама әдеби, тарихи жәдігерлерді әкелу үшін олардың құндылығын танып, білу керек қой. Бірақ осыларды қазіргі ғылым тарапынан зерттеп ғылыми айналымға еңгізетін шәкірттері табыла қойған жоқ: Ғалым ұсынған жобалар өкінішке қарай бекітілмей жатты.

Бізге дейін Мәскеуде білім алғандардың алдыңғы қатарында Әбсаттар аға болды. Бұл туралы маған ғылым есігін ашқан Әкемдей болған партизан жазушы Әди Шәріпов мақтанышпен айтатын. 1988 жылы Мәскеуде «8-20 ғғ. Араб тілді Марокко сөз өнерінің эволюциясы» атты докторлық диссертация қорғаған Ә.Дербісәлі  бірнеше рет басылған « Литература Марокко» (Москва, Наука, 1993) ұжымдык монография авторы болды: О.Власова, Ә.Дербисалиев, С.Прожогиналармен бірге. Бұл басылым Мәскеудің қазіргі орталық ғылыми кітапханасының ең көп қолданылатын сөресінде тұрғанын біз мақтаныш ететін едік, - деді ол.

Араб таңбалы түркі мен Әлемдік медиевистиканы меңгерген профессор Ә.Дербісәлі Ақжан Машани негізін салып берген Фарабитануға да сүбелі үлес қосты.

Шет елдерде алған білімін Ғалым қазақ топырағындағы ғылымды айқындап беру ұшін пайдаланды. Советтік атеистік кезде Ғалым Екінші Ұстаз атанған  Әбу Насыр Әл Фараби мен Ұлы Түркі даласына ислам дінін таратушы ойшыл  Қожа Ахмет Яссауидің хикметтерін зерттеді. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі және сол жердегі құлпытастардағы араб таңбаларындағы жазудың сырын ашып беруші де Ә. Дербісәлі болды. Бұл құнды мағлұматтарды қазіргі қазақ тіліне түсірген де Ә. Дербісәлі.

Ғалымның «Қазақ даласының жұлдыздары» (1995) зерттеуі қазірғі ғылымға қосылған аса құнды еңбек болды. Бұл ғылыми монографияда қазақ топырағынан ортағасырларда шыққан әлемдік ғылым мен мұсылман мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан нақты ондаған ғұламалардың зерттеулері тұңғыш рет жүйеленіп сараланған: әдебиетші, дінтанушы, философ, лексикограф, тілші, тарихшы ғалымдардың.

Билік пен саясатқа жалтақтаумен отыратын тарихшылар үндемей отырған кезде  Ғалым тарих пен филологияның басын біріктіретін аса құнды мағлұматты жәдігерлерді ғылыми айналымға осылай еңгізіп тастады. Ғалым 10-18 ғғ. қазіргі қазақ топырағында туып қалыптасқан  50 - ден астам тарихи тұлғалардың өмірі мен шығармашылық мұрасына тұңғыш рет аналитикалық талдау жасады. Бұл зерттеуге дейін біз тек Әбу Насыр Әл Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Қадырғали Жалаириді ғана білетін едік. Профессор Дербісәлі осы қатарға бір ғана Фараб ( Отырар) қаласынан шыққан 38 Фарабилерлдің, 11 Кердери, 34 Сайрами, 19 Түркстани, 53 Таразилердің ғылыми мұрасын айқындап берді. Бұлар бәрі әлемдік исламды таныту ғылымына зор ұлес қосқан еңбектердің иелері еді. Осы қатарда Әбу Ибрагим Исхақ Әл Фарабидің (962 жылы қайтыс болған) атақты Әбу Насыр Әл Фарабидің (950 жылы қайтыс болған) кіші замандасы , « Диуан-әл –адаб» атты арабша сөздіктің  авторы болғаны және осы еңбегімен Фараб қаласында дәріс бергенін тұңғыш рет анықтап берген де Дербісәлі болды. Бұл туралы академик Б.Көмеков жазған еді, - деді ғалым.

Аты жөндері ру тайпалардың атауларымен байланысты ғалымдардың  еңбектері - Аала ад дин Байлақ әл Қыпшаки, Хасан Әли Жалаири, Молла Мұхаммед Адаии, Жармұхаммед Наймани, Молла Есжан Қоңырати ресми ғылымға бұрын беймәлім есімдер еді.  Аала ад дин Байлақ әл Қыпшакидің лексикографиялық араб түркі еңбегі Әл Анвар әл Мудия деп аталуы, кейін бұл басылымның Египеттегі Әбу Хайян мен Жаман ад - дин Түркидің қос тілдік араб қыпшақсөздігіне негіз болғаны да осы ретте айқындалған.

Ғалымның «Түркиядағы жазба жәдігерлеріміз»(2009) ғылыми монографиясында Отырари, Сығанаки, Женд, Түркістан, Тараз, Баласағұнилар мұрасы толықтырылған. Бұл туралы жоғарыдағы еңбекте таратылған.

Мұхаммед Хайдар Дулатидің « Тарихи  Рашидиінің» зерттеулуіне Тәуелсіздік кезде үлкен үлес қосқан да Ә.Дербісәлі болды. Қазақ мемлекетінің тарихын анықтайтын бұл аса құнды зерттеуді Шоқан Уәлиханов кезінде Қашқарға барған сапарында Мұхаммед Хайдар Дулатидің Қашқарида жатқан жерін анықтап, бұл аса құнды тарихи әдеби жәдігерді Ресей географиялық қоғамына тапсырғаны белгілі.

Тәуелсіздік кезінде Қашқарға бірнеше рет (1994), Пәкістанға (1995), Үндістанға (1998) барып, Кашмирде билік басында болған  Мұхаммед Хайдар Дулатидің жатқан зиратын тауып, құлпытасының шаңын сүртіп, эпитафиясын оқып, хатқа түсіріп берген де  Ә.Дербісәлі болды. Құлпытасты бірнеше күн іздеп тапқандағы ғалымның тебіренгенін, бұкіл қазақтың атынан Құран бағыштап мінажат еткені оқырманған ерекше әсер етеді. М.Х.Дулатиге екі құлпытас қойылғанын (1551, 1822) да анықтап берген  Дербісәлі. Құлпытастағы жазу Аятүл Курси дұғасы екені де осы ретте анықталған. Ортағасырлық ғұлама М.Х.Дулати түрік, араб, парсы тілдерін меңгеріп еңбектерін қарасөзбен жазған. Ә.Дербісәлінің ғылыми жетекшілігімен Ислам Жеменей «Тарихи Рашиди - әдеби жәдігер» атты тақырыпта диссертация қорғап шықты.

М.Х.Дулатидің «Жаһан Наме» лирикалық шығармасының Берлин және Қашқар нұсқаларын тауып, шағатайдан қазақ тіліне түсіріп «Білім» баспасынан жария еткен де Ә.Дербісәлі. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Хақ жолындағылар тарихын» қазіргі ғылыми айналымға осылай еңгізген де Ә.Дербісәлі. Ғалым өз негізгі ұстанымын - сөз өнері Ұлы далада о баста тектілердің асыл сөзі болғандығын осылай нақты зерттеулерімен дәлелдеп берді, - деді ол.

Профессор Ә.Дербісәлінің «Ислам жаухарлары мен жәдігерліктері»(2009) монографиясы ислам өркениетінің қасиетті Құраны мен Мұхаммед с.а.с. Пайғамбарымыздың ғибратты ғұмырын сипаттаған түркі тіліндегі әдеби жәдігерлерді тұңғыш рет айқындап беруімен құнды. Осы ретте Әл Бухари, Имам Ағзам Әбу Ханифа еңбектері әдебиеттанулық тұрғыдан да тұңғыш рет қарастырылған еді. Бұл монографияда 9-13 ғғ. өмір сүрген Фарабилер, Исфиджаби Сайрами, Түркістани, Иқани, Женди,Тарази, Баласағунилер туралы әдебиеттанулық тың аналитикалық талдаулар мен ғылыми деректер жүйлеленіп берілген. 

Осы ретте бұл ғылыми, әдеби мұраның әлемнің қай кітапханасында сақталуы, олардың зерттелуі туралы да толық ғылыми түсініктемелер берілген. Ғалымның Мекке, Медине, Шам елі,Үндістан, Мәуереннахр, Мысыр, Иран, Испаниядағы Ислам жәдігерлері туралы келтірген ғылыми аса құнды деректерінің мәні зор екені де айқын.

Ұлы дала діні, тілі, ділі, мәдениеті, тарихы мен ғылыми деңгейін анықтап берген осыншама аса құнды ғылыми мұраны қазіргі ғылыми  айналымға еңгізіп кеткен нағыз Ғалым, Тұңғыш Муфти, Әбсаттар Дербісәліге қасиетті Зүлхиджа күндері Алла Тағаланың мейірімі, Пайғамбарымыз с.а.с. шапағаты болсын деп тілейік. Атақ, лауазым қуғандардан аулақ болып Алла разылыға үшін атқарған ғылымдағы адал, ғибратты істеріңіз  бізге үлгі боларлық. Біз бір шаңырақта бірге жұмыс атқардық. Сол қаситетті ғимараттың есігін ашқанда оң жақтағы бірінші бөлмеде Ғалым Әбсаттар Дербісәлі Қажы бар екенін ерекше сезінетін едік. Біздің марқұм Отағасы мойындап кеткен иманжүзді Ғалым Муфти болдыңыз. Қызымыздың некесін Сізге кестергені де осыдан еді. Ғылым мен Ғалым мейрімді болу керек дегенді бізге көрсетіп кеттіңіз ау...Қасиетті Арафа күні осыншама іс тындырып кеткен Ғалымға Алла Тағаланың рақымы, Пайғамбарымыздың с.а.с. шапағаты болғай, - деп жазды Айгүл Ісмақова.



Өзгелердің жаңалығы