Sleep Мedicine (Ұйқы медицинасы) журналында ұйқы сапасының төмендігі мидың жұмысына кері әсер ететіні туралы жазылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Lenta.ru-ға сілтеме жасап.
Австралиялық ұлттық университеттің ғалымдары ұйқы сапасының төмендігі мен оның жетіспеушілігі ми денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін екенін анықтады.
Sleep Medicine журналында жарияланған зерттеу 100-ден астам ғылыми жұмысты талдауға негізделген және нашар ұйқы мен мидағы сұр зат көлемінің азаюы арасындағы байланысты көрсетті.
Зерттеудің жетекші авторы, доктор Тергел Намсрайдың айтуынша, ұйқының жеткіліксіздігі нейродегенеративті процестерді күшейтуі мүмкін, бірақ бұл механизмдер әлі толық зерттелмеген.
Біз ұйқысы бұзылған адамдардың, әсіресе тез ұйқы фазасы бұзылғандардың, миының оң жақ маңдай жүлгесінде сұр зат көлемі аз болатынын анықтадық. Бұл – деменция мен Альцгеймер ауруының алғашқы белгілері пайда болатын аймақтардың бірі, – деп түсіндірді Намсрай.
Ғалымдар ұйқының ұзақтығы, сапасы, түнгі ояну жиілігі сияқты түрлі факторларды зерттеді. Олардың пікірінше, бұл нәтижелер ұйқы сапасын қатаң бақылаудың, әсіресе медициналық тексерістер аясында, маңыздылығын дәлелдейді.
Зерттеу авторлары ұйқы сапасын жақсарту мидың жасқа байланысты өзгерістері мен когнитивті бұзылыстардың алдын алу тәсілдерінің бірі болуы мүмкін екенін атап өтті.
Еске салсақ, ми неше жастан бастап тез қартаятыны туралы жазған болатынбыз.