Ғалымдар қарапайым «кетчуптің» денсаулыққа қандай пайдасы барын айтты

31 Наурыз 2021, 22:15
3748
Бөлісу:
Ғалымдар қарапайым «кетчуптің» денсаулыққа қандай пайдасы барын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Финляндиялық ғалымдар зерттеу жүргізіп, кәдімгі «кетчуптің» қан құрамындағы холестерин деңгейін айтарлықтай төмендететінін анықтады.

Оулу университеті мамандарының зерттеу жұмысы Helsingin sanomat басылымында жарияланды.

Холестерин жүрек-қантамыр аурулары қатерін ұлғайтады. Өйткені май шөгінділері қан айналымының бұзылуына әкеп соқтырады. Холестериннің жоғары деңгейі салдарынан адам инсульт алады немесе жүрек талмасына ұшырайды.

Енді жүргізілген экспериментке тоқталып өтсек. Мамандар еріктілерді іріктеп, оларға тамақтану барысында күнде екі қасық томат «кетчубін» тұтынуын немесе томат шырынын ішуін сұрады. Нәтижесінде зерттеуге қатысқандардың холестерин деңгейі 6%-ға, ал тығыздығы төмен липопротеиндері 13%-ға төмендегені анықталды.

Ғалымдардың айтуынша, «кетчупке» қарағанда майонез, тартар, терияки тәрізді тұздықтар керісінше қандағы холестерин деңгейін жоғарылатады.

Сондай-ақ мамандар зәйтүн майы негізінде жасалған тұздықтар адам организміне еш зиянын тигізбейтінін атап өтті.

Бұған дейін жапониялық ғалымдар да зерттеу жұмыстарын жүргізіп, томат шырыны жүрек-қантамыр ауруларына бейім адамдарға өте пайдалы екенін дәлелдеген болатын.


Өзгелердің жаңалығы