Ғалымдар деструктивті діни ағым жетегіндегі азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді – Бас мүфти

13 Қыркүйек 2021, 14:55
3750
Бөлісу:
Ғалымдар деструктивті діни ағым жетегіндегі азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді – Бас мүфти

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ресми жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Сапар аясында Бас мүфти Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен кездесті, деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі.


Кездесу барысында тараптар өңірдегі діни ахуал, пандемия кезіндегі аймақтағы діни орындардың қызметі, діни кадр даярлау, теріс ағымдармен жұмыс мәселелерін талқылады.
Біз күнделікті жұмыс барысында өңірлердегі діни ахуалға талдау жасаймыз. Атырау облысындағы діни ахуалды жақсарта түсу мақсатында ҚМДБ жанынан арнайы жұмыс тобын құрып, елімізге танымал ғалымдарды арнайы алып келдім. Ғалымдарымыз деструктивті діни ағым жетегінде кеткен азаматтарға арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады. Бірнеше күнге созылатын кешенді жұмыстар өз нәтижесін береді деп сенемін, - деп атап өтті ​Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу барысында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов дінді дәріптеу, ел бірлігін нығайту жолында еңбек етіп жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына алғысын жеткізді.

«Баршамыздың атқарып жүрген еңбегіміз ортақ. Мақсатымыз – еліміздің бірлігін, амандығын сақтау, әл-ауқатын нығайту» деген облыс әкімі діни кадр даярлау мәселесінде жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау жалғасатынын айтты. ​

Кездесу соңында Бас мүфти мен облыс әкімі діни оңалту, діни ағарту бағытында ортақ жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Өзгелердің жаңалығы