Қытайлық ғалымдар шамамен 16 мың жыл бұрын өмір сүрген адамның сыртқы бейнесін қайта жасап шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ Journal of Archaeological Science (JAS) ғылыми журналына сілтеме жасап.
Олар бұл жұмысты заманауи 3D-технологиялардың көмегімен жүзеге асырды. Зерттеу Journal of Archaeological Science (JAS) ғылыми журналында жарияланды.
Зерттеушілер ежелгі адамның қалдықтарын Қытайдың Гуанси провинциясындағы Лонган уезінің Болан ауылында орналасқан Яхуай үңгірінен тапқан. Бұл – Қытай аумағынан табылған палеолит дәуіріне жататын екінші жерлеу орны.
Ежелгі адамның бас сүйегі толық сақталған. Бұл – Оңтүстік Қытайда сирек кездесетін бірегей археологиялық олжа. Оның зерттелуі ежелгі адамдардың алуан түрлілігін, олардың салт-дәстүрлері мен көші-қон үдерістерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Ғалымдар бас сүйектің көлемі қазіргі замандағы әйелдердің бас сүйегінен үлкен, бірақ ер адамдардікінен кіші екенін анықтады. Маңдай сүйегі көтеріңкі болған. Қайта жасалған келбеттің беті дөңгелек, көзі жіңішке, мұрны жалпақ әрі ерні қалың болған.
Бұған дейін археологтар Марокконың солтүстігінен 3 мың жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген ежелгі қоныстың қалдықтарын тапқан. Бұған дейін бұл аймақ тек біздің заманымызға дейінгі VIII–VI ғасырларда ғана қоныстанған деп есептеліп келген еді.