Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 100 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсететінін мәлімдеді.
Гаджи Гаджиев Каспий теңізінде өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
«Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі әрі еліміздің спорт қауымдастығының өкілі ретінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 100 миллион теңге көлемінде материалдық қолдау көрсетуді өзімнің азаматтық парызым деп санаймын», – деді Гаджи Гаджиев.
Ол әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
Еске салайық, Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметшіні теңізге ағызып әкеткен. Нақтыланған мәлімет бойынша, 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.