G7 елдері мұнай қорын пайдалануға дайын екенін мәлімдеді

G7, "Үлкенг жетілік" елдері қажет жағдайда мұнай қорын босатуға дайын.

 10 Наурыз 2026, 07:09
10 Наурыз 2026, 07:09
327

Әлемдік энергетикалық нарықтағы тұрақсыздық аясында G7 елдері қажет болған жағдайда стратегиялық мұнай қорларын пайдалануға дайын екенін айтты. Бұл туралы 9 наурызда Франция бастамасымен өткен видеоконференция қорытындысы бойынша жарияланған бірлескен мәлімдемеде айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуге АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Канада және Жапония елдерінің қаржы министрлері қатысты. Олар энергетикалық нарықтағы тұрақтылықты сақтау үшін бірқатар шара қабылдауға дайын екенін атап өтті.

Атап айтқанда, әлемдік нарықтағы ұсынысты арттыру мақсатында мұнайдың стратегиялық қорларының бір бөлігін босату мүмкіндігі қарастырылуда. Алайда бұл жөнінде нақты шешім әлі қабылданған жоқ.

Кездесуден кейін Францияның қаржы министрі Ролан Лескюр елдер жағдайды мұқият бақылап, қажет болған жағдайда барлық мүмкін құралдарды қолдануға келіскенін айтты.

Жиынға сондай-ақ Халықаралық энергетика агенттігінің басшысы Фатих Бироль қатысып, министрлерге әлемдік мұнай нарығындағы күрделі жағдай туралы баяндады.

ХЭА мәліметінше, агенттікке мүше елдердің стратегиялық мұнай қоры 1,2 миллиард баррельден асады. Бұдан бөлек, шамамен 600 миллион баррель мұнай өнеркәсіптік резервтерде сақталған.

Мұндай қорлар әдетте дағдарыс жағдайында нарықты тұрақтандыру немесе жеткізілімдегі үзілістердің орнын толтыру үшін пайдаланылады. Дегенмен мұндай шаралар өте сирек қолданылады.

Сонымен қатар Еуропалық комиссия Еуроодақ елдерінде мұнай мен газ қоры жеткілікті екенін хабарлады. Ондағы басты мәселе – отын тапшылығы емес, энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі.

Наверх