«G-Global». Қала мэрлерін біріктіруді заңды тұрғыдан қарастыру керек – Серік Нөгербеков

18 Қараша 2020, 17:21
1705
Бөлісу:
«G-Global». Қала мэрлерін біріктіруді заңды тұрғыдан қарастыру керек – Серік Нөгербеков

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «G-Global» халықаралық хатшылығының басшысы Серік Нөгербеков «Ғаламдық Жібек жолы – қала мэрлерінің форумында» осылай деді.

Бүгінде «G-Global» халықаралық хатшылығы  «Ғаламдық Жібек жолы» қоғамдық дипломатия альянсы жобасын дамыту бағытында жұмыс істеп келеді. Жобаның негізгі мақсаты – Жібек жолы елдерін мамандық және мүдде тұрғысынан, яғни, ең алдымен мэрлер, губернаторлар, кәсіпкерлер, ғылым, мәдениет және өнер өкілдерінің басын қосу. «G-Global» неліктен бұл бағытты дамытуда? Себебі, «Бір белдеу – бір жол» ІІ форумы, Азия-Еуропа форумы  (ASEM — Asia-Europe Meeting), Ислам серіктестігі ұйымының жоғары кеңесі сияқты ірі шаралардың нәтижесі бойынша, 103 мемлекеттің басшысы «G-Global»-дың үкіметтік емес ұйым ретінде Еуропа және Азия арасында коммуникациялық платформа рөлін атқаруға уәкілеттілік берді. Қазір осы мандат негізінде белсенді жұмыс істеп жатырмыз, - деді ол.
 

«G-Global» басшысы Еуразиялық континент, Азия-Тынық мұхит аймағы елдерінің қала мэрлерін біріктіру жұмыстарын заңды тұрғыдан қарастыру керек деген ұсыныс тастады.
 

Жібек жолы елдері – бұл Еуразиялық континент, Азия-Тынық мұхит аймағы елдері. Қазір елдеріміз арасында бизнесті біріктіру жағы қалыптасып келеді. Сонымен қатар, Жібек жолы халықаралық ғылым академиясын құру жолында жұмыс істеп жатырмыз. Мен бұл конструкцияны «алтын үштаған» деп атаймын. Өйткені, ғылым дегеніміз ең алдымен, инновация. Ал, ғылым мен бизнесті біріктіру – көлемді инновация деген сөз. Сондықтан бұл жолда ғылым және бизнес өкілдері мен қалаларымыздың мэрлері, губернаторларына қалаларды өркендету, жобаларды дамыту, туристік жобаларды қолға алу үшін көлемді инвестиция тартуға мүмкіндік туады. Сол себепті бүгіннен Еуразиялық континент, Азия-Тынық мұхит аймағы елдерінің қала мэрлерін біріктіру жұмыстарын заңды тұрғыдан қарастыра бастасақ деген жоспар бар. Осы ретте «неге бұл бағытқа қала мэрлерін қосты» деген заңды сауал тууы мүмкін. Өйткені, қала мэрлері аймақтардағы халықпен,  ғылым, мәдениет және бизнес өкілдерімен тығыз байланыста, - деді Нөгербеков.
 


 

Өзгелердің жаңалығы