Қазақстан әйелдер құрамасы 2027 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңін сенімді жеңіспен бастады. Футболшы қыздар Армения құрамасын 3:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу жаңа бас бапкер Бегайым Кыргызбаева үшін дебюттік сын еді. Ойыншы ретінде ел құрамасының рекордшысы атанған маман (85 матч, 17 гол) бапкерлік жолын да сәтті бастады. Оның жетекшілігімен алаңға шыққан футболшылар тәртіпті, ширақ әрі шабуылда батыл ойын көрсетті.
Есеп 35-минутта Александра Бурованың дәл соққысынан кейін ашылды. Екінші таймда қазақстандықтар қарқынын үдете түсті: 76-минутта Анеля Мамырова есепті еселесе, араға үш минут салып Бибигуль Нурушева үшінші голды соғып, матч тағдырын шешті.
Айта кетейік, әйелдер арасындағы іріктеу жүйесі қазір Ұлттар лигасымен тығыз байланысты. Қазақстан құрамасы С Лигасында өнер көрсетіп жатыр. Топтағы бірінші орын тек дивизионды жоғарылатуға емес, сонымен бірге әлем чемпионатына жолдама үшін плей-офф кезеңінде күресуге мүмкіндік береді. Демек, әрбір матчтың маңызы зор.
Енді ұлттық құрама келесі ойынын 7 наурыз күні сағат 14:00-де Беларусь құрамасына қарсы өткізеді. Кездесу Астана Арена стадионында өтеді.