Футболда гол жоқ, ауылда жол жоқ. Депутат футболға миллиардтап қаржы бөлуді тоқтатуды ұсынды

17 Қараша 2021, 12:10
3766
Бөлісу:
Футболда гол жоқ, ауылда жол жоқ. Депутат футболға миллиардтап қаржы бөлуді тоқтатуды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Депутат Қазыбек Иса вице-премьер Ералы Тоғжановқа футбол клубтарына қатысты депутаттық сауал жолдады.

Үш күн бұрын футболдан әлем чемпионатына іріктеуде Қазақстан командасы Франциядан 8:0 болып, футбол тарихындағы масқара есеппен жеңілуі елдің қатты наразылығын тудыруда. Баспасөзде аймақтардағы футбол клубтарына 71 млрд теңге жұмсалғаны, тек «Астана» клубының өзіне 15 млрд теңге бөлінгені жазылуда. Бірақ нәтиже қайда? «Футбол федерациясының бас хатшысы біз бюджеттен қаражат алмаймыз. 200 млн теңге ғана алдық» деп жауап берді. Ал жеңілістің себебі жақсы футболшылардың тапшылығы дейді, - деп түсіндірді депутат.

Оның сөзінше, соңғы 3 жылдағы облыстық әкімдіктердің кәсіби клубтарға бөлген қаржысының өзі аз емес, 111,2 млрд теңге. Ал федерацияға республикалық бюджеттен, УЕФА-дан, «Самұрық-Қазынадан», демеушілер берген қаржыны қосар болсақ, есебі жоқ. Өйткені ресми мәлімет жоқ.

Жақсы футболшылардың тапшы болатыны - өз футболшыларымызды дайындаудың орнына ол ақшаны шетелдіктерге жұмсап жүргеннің нәтижесі. Премьер лигадағы 371 футболшының 150-і легионерлер. Халық қазынасы қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшыларын байытуға жұмсалып жатыр. Қазақстан 30 жылда бір ғана стадион салса, футбол бюджеті екі есе аз Өзбекстан 10 стадион салған. ФИФА рейтингісі бойынша Қазақстан 125-орында, ал ТМД бойынша футбол бюджеті ең аз Қырғызстан 96-орында. Бразилияға «алақайлап» жіберген 78 балақайдың бір де біреуі қазір футбол ойнамайды. Есепсіз миллиардтарды далаға шашамыз, бірақ гол жоқ. Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ, - дейді Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.

Әлемдік рейтингте ешқандай жүздіктің қатарына кірмей, ал екіжүздіктің 186-орнында тек «Астана» клубы ғана бар. Бір де бір футболшымыз трансферлік құны бойынша алғашқы бесжүздікке кірмейді.

Депутат футболшыларға миллиардтаған қаржыны бөлуді тоқтататын уақыт жеткенін айтып, «Ақжол» партиясы депутаттарының ұсыныстарын жеткізді.

Кәсіби спорт футбол – ол бизнес. Ал әлемде кәсіби спорт мемлекеттің «мойнына» мініп алмайды. Сол себепті футбол клубтарын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату қажет. Мемлекет қаржысы балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, футбол мектептерін дамытуға жұмсалуы керек. Ауылдағы талантты балаларға жағдай жасау қажет. Аудандарда, қала маңында тегін футбол алаңдарын салу керек. Секциялардағы жаттықтырушылардың жалақысын педагогтармен тең ету қажет, - деді ол.

Сонымен қатар депутат Қазыбек Иса осы уақытқа дейін мемлекеттен футбол саласына бөлінген қаржының есебі берілуі тиіс екенін айтты.



Өзгелердің жаңалығы