Ақтауда футбол үшін жаппай төбелес шықты

23 Қыркүйек 2019, 15:29
2495
Бөлісу:
Ақтауда футбол үшін жаппай төбелес шықты
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаппай төбелестің шығуына футбол ойыны себеп болған. 9-10 сынып оқушылары арасында қақтығыс орнап, олар оны матчтан кейін шешпек болады. Бұл туралы Маңғыстау облысы ПД басшысының бірінші орынбасары Амангелді Халмурадов хабарлады, деп жазды Lada.kz.


Төбелестен кейін 26 кәмелетке толмаған жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізілді. Түсіндіру әңгімесі жүргізілгеннен кейін оқушылар үйлеріне жіберілді.

«Кеше, 22 қыркүйекте сағат шамамен 19:00-де «102» кезекші пультіне 12 шағын аудандағы №62 үйдің маңында жаппай төбелес болып жатқандығы туралы қоңырау келіп түсті. Оқиға орнына патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар мен жедел-тергеу топтары келіп жетті. Оқиға орнында ойыншық тапаншаның пластик оқтары тәркіленіп, №12, 16 орта мектептердің кәмелеттік жасқа толмаған оқушылары ұсталды», - деді Амангелді Халмурадов.

Облыстық ПД басшысының бірінші орынбасарының айтуынша, қақтығыс футбол болып жатқан кезде туындаған. Төбелеске қатысқандардың арасында түсініспеушілік болған және олар оны ойын аяқталған соң шешпек болған.

«Төбелеске қатысқандардың барлығы Ақтау қаласындағы полиция басқармасына жеткізілді. Олармен жергілікті полиция қызметі мен ювеналды полиция жұмыс жүргізді. Аталған оқиғаға қатысты балалардың ата-аналары шақыртылды. Қалалық әкімдік пен білім басқармасы өкілдерінің қатысуымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Содан кейін барлығы үйлеріне жіберілді», - деп түсіндірді Амангелді Халмурадов.

Сондай-ақ, ол оқушылардың бірінде пластик оқтары бар ойыншық тапанша болғанын атап өтті. Амангелді Халмурадовтың сөзінше, атыс кезінде тапаншадан қатты дыбыс шыққан.

«Негізінен айтарлықтай төбелес болған жоқ. Ия, олар төбелесіп бастаған, алайда әлеуметтік желілердегі видеороликтерден көрініп тұрғандай, барлығы жан-жаққа тарқап кеткен. Сондай-ақ, видеороликтерден төбелеске қатысушылардың бірі тапанша ұстап тұрғаны көрініп тұр. Бұл ойыншық тапанша. Дәл сол тапаншадан оқтар тәркіленді. Ақтау қалалық полиция басқармасы аталған оқиғаны реттеді, полицияға ешқандай шағым мен арыз түспеді. Дене жарақаты мен басқа да зардап шегу жәйті болған жоқ. Сондықтан тапанша ойыншық болғандықтан және айтарлықтай төбелес болмағандықтан, қылмыстық іс қозғалған жоқ», - деп түйіндеді облыстық ПД басшысының бірінші орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы