Футбол қақпасы басып қалған жасөспірімнің жағдайы ауыр

16 Сәуір 2023, 09:39
1141
Бөлісу:
Футбол қақпасы басып қалған жасөспірімнің жағдайы ауыр
Фото: автордан

Қостанай қаласында оқыс жағдай болды. Аулада ойнап жүрген 16 жасар жасөспірімнің үстіне футбол қақпасы құлап, ауыр халде ауруханада жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ сол өңірдегі тілшісі.

Аталмыш оқыс оқиға Қостанай қаласындағы жеке үйлердің балалары үшін салынған ойын алаңдарының бірінде болды. Қазіргі таңда 16 жасар жасөспірім зардап шеккен балаларға арналған ойын алаңының салынғанына үш жыл да болмапты. Бір қаарағанда көздің жауын алатын бұл ойын алаңы аяқ астынан қауіпті аймаққа айналады деп ешкім ойламаса керек. Осы оқиғадан кейін қала тұрғындары балаларын ауладағы ойын алаңдарына жіберуге қорқып отыр.

Ойнаймын деп жүріп үстіне зілдей темір қақпа құлаған Всеволод Виденчук облыстық балалар ауруханасына ауыр жағдайда жеткізілген. Қазір баланың өмірімен дәрігерлер күресіп жатыр.

Бала іштен жарақат алған. Ішектері жарылып, ішіне қан кеткен. Ота жасау барысында науқастың он екі елі ішегінің жарылғаны анықталды. Бұл балалар үшін ең қауіпті жарақаттардың бірі. Қазір отадан кейін науқас арнайы тыныс алу аппаратына қосылған. Себебі, оның жағдайы әлі де ауыр,- дейді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Игорь Белобржицкий.

Төтенше жағдай қаланың КСК деп аталатын шағын ауданындағы Л.Чайкина көшесіндегі жеке секторда салынған спорт алаңында болған. Жергілікті тұрғын Светлана Иванованың айтуына қарағанда, сол сәтте балалар футбол ойнап жатқан. Ал, зардап шеккен Всеволод қақпашы болыпты.

Қақпа әлдеқашан қисайып тұрды. Оның осындай апатты жағдайда тұрғанынан жергілікті комманалдық мекемелер хабардар болса да, немқұрайлылық танытты. Ауыр қақпа баланың ішін басып қалған. Сол сәтте осы жерде кішкентай балалар да жүгіріп, ойнап жүрді. Жалпы алғанда бұл ойын алаңын жақында ғана жөндеуден өтті деп ешкім айта алмайды. Онда ойнау өмірге қауіп төндіреді. Қаққан тақтайлары мен темірлері барлық жерде жалбырап түсіп жатыр. Неге екенін білмеймін осыған жауапты мекемелер үшін міндетті түрде біреу өліп, немесе жарақат алуы керек шығар? Әйтпесе, бұл ойын алаңының жағдайын олар жақсы біледі. Сапасыз салған мердігер мекеме де жауапқа тартылмаған»,- деп налиды Светлана Иванова.

Осы орайда қалалық әкімдіктің осы салаға жауапты мекемесіне барып мән-жайды анықтаған едік. Олардың айтуынша алаңның осындай халге түсуіне әкімдік те, мердігер мекеме де емес тұрғындардың өздері кінәлі екен.

Алаң 2020 жылы орнатылды. Біз әдетте құрылысты күтіп ұстау үшін жауапкершілікті өз мойнына алатын ПКСК немесе қызмет көрсететін ұйыммен меморандум жасаймыз. Бірақ бұл алаң жеке секторда орналасқан. Сондықтан оған тұрғындардың өздеріне бақылау орнатуға берілді. Қаланың тағы бірнеше аудандарында дәл осындай ойын алаңдары бар. Ондағы қақпалардың барлығы жерге бекітілмеген. Өйткені, олар қыста жиналып алынады. Қақпаны өздігінен құлату оңай емес. Шамасы, оған балалар барып әдейі тартылуы мүмкін. Қалай болғанда да, полиция оның себептерін анықтайды, - дейді Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Мирас Омаров.

Бұл Қостанай облысында соңғы бір ай ішінде футбол қақпасының балаларға құлаған екінші жағдайы болып отыр. Осы айдың басында Ұзынкөл ауданында дәл осындай қақпа құлауының салдарынан жасөспірім бас миының жарақатын алған еді.

Осындай үрдіс соңғы жылдары жиі қайталанып жатқаны да жасырын емес. Мәселен, 2019 жылы құлаған қақпадан 16 жасар бала қатты жарақат алып, көз жұмған болатын. Айтпақшы, жоғарыда жасөспірім жарақат алған қақпаны мердігер мекеме барып бүгін мызғымыстай етіп дәнекерлеп тастапты. Сонда олар осыған дейін ай қарап отырды ма деген заңды сұрақ туындайды көкейде.

Өзгелердің жаңалығы