Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Франция президенті Эммануэль Макрон Украинамен шекаралас елдерге сапарын бастады. Ол ең алдымен Румынияға табан тіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл жақта Эммануэль НАТО миссиясының аясында қызмет етіп жатқан француз және бельгиялық сарбаздармен кездесті. Бүгін ол Молдовоға барады. Журналистердің «Франция президенті Украинаға бара ма?» деген сұрағына үкімет өкілі «бұл мәселе жан-жақты қаралып жатыр» деп жауап берген.
Эммануэль Макрон осы сапарға аттанар алдында француз халқына айрықша өтініш жасады.
Құрметті отандастарым, бірнеше ай бұрын әскери қызметке аттанған француз сарбаздарына қолдау көрсету үшін жолға шықтым. Франция Еуроодақтың шығыс бөлігін қорғау және Украинадағы соғысты тоқтату үшін барын салуда. Украинадағы соғыс геосаяси жағынан хаос тудырды. Қазір әлемдік экономика мен азық-түлік саласында аласапыран болып жатыр. Бізді ауыр күндер күтіп тұр. Маған осы жексенбіде өтетін парламент сайлауының екінші кезеңінде үлкен күш беріңіздер деп өтінемін, - деді Франция президенті Эммануэль Макрон.