Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Францияның монополияға қарсы қызметі америкалық Google компаниясына Google News қызметіндегі авторлық құқықты бұзғаны үшін 500 млн еуро көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды Reuters агенттігі.
Технологиялық алпауыт Францияның жетекші жаңалық баспагерлерімен контентті пайдаланғаны үшін төлейтін өтемақы мөлшері туралы ортақ келісімге келе алмады, осылайша компания монополияға қарсы органның уақытша бұйрығын орындамады. Құжатта Google кез келген баспагердің өтініші бойынша үш айдан кешіктірмей келіссөздер жүргізуі керек деп жазылған болатын.
Google бүкіл процесс барысында адал әрекет еткенін айтып, айыппұл көлемін сынға алды.
Монополияға қарсы органның басшысы Изабель де Силва болса, компания өз міндеттемелерін орындамады деп санайды.
Орган компания үшін міндеттеме белгілеген кезде, ол мұқият орындалуы керек еді. Өкінішке қарай, компания олай істемеді, - деді Изабель де Силва.