Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгіннен бастап Франция Еуропа елдерінде COVID-19 вирусының белсенді таралуына байланысты шекаралық бақылауды күшейтті.
Шекарадан өту үшін 12 жастан асқан азаматтарда 48 сағат бұрын тапсырылған теріс нәтижелі ПТР анықтамасы болуы қажет. Сонымен қатар ел билігі COVID-19 бойынша күрделі эпидемиологиялық жағдайы бар елдер үшін қосымша түс белгілерін енгізді. Мысалы, омикрон штаммын жұқтыру жағдайлары анықталған мемлекеттер қызыл түспен белгіленген. Қазіргі уақытта Францияның 5 аймағында осы штамды жұқтырудың 9 жағдайы анықталды.
Азия аймағында коронавирустың таралу қарқыны төмендемей тұр. Вьетнамда бір күнде 13 670 SARS-CoV-2 тасымалдаушысы анықталды. Денсаулық сақтау министрлігі Хошимин мен ел астанасы Ханойда өте жоғары көрсеткіштер тіркелгенін атап өтті.
Вирус жұқтырғандардың басым бөлігі Вьетнамның оңтүстігінде және орталық бөлігіндегі провинцияларда анықталды. Пандемия басталғаннан бері расталған жағдайлардың жалпы саны 1 280 780-ге жетті. Елдегі вакцинация қарқыны әлі де күшейтуді қажет етеді, бүгінгі күні 97 миллионнан астам тұрғынның 53 миллионға жуығы вирусқа қарсы егілді.