Қарқынды тазалау жұмыстары “Алматы - ортақ үйіміз” науқаны аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматыда республикалық акция аясында көктемгі кезең жұмыстары басталды. Науқанның алғашқы аптасында техника және коммуналдық қызметкерлер көмегімен көшелер, аялдамалар, қоқыс контейнерлерінің аумақтары, жасыл желектер мен арықтар тазаланады.
Алматының барлық аудандарында тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нақты айтқанда, “Жетісу-2” ықшам ауданында көшелерді техника көмегімен тазалау, қоқыс контейнерлері орналасқан алаңдарды тазалау және дезинфекциялау жұмыстары ұйымдастырылды. Жалпы Әуезов ауданында 50-60 аралығында техника жұмылдырылды. Контейнерлер және оның аумағы жуылып, дезинфекцияланды және дератизацияланды. Тазалау жұмыстарынан кейін тіреулер мен аумақ боялды. Сонымен қатар Саин мен Өтеген батыр аралығыдағы Қабдолов көшесінің бойында аялдамалар тазаланып, боялды. Жасыл желектер суарылып, арықтар мен жасыл аймақ тырмаланып, тазаланды, - деді Абаттандыру бөлімінің бас маманы Ертай Құрманғалиев.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев «Алматы-біздің ортақ үйіміз» науқанын бастады.
Бүгіннен бастап, бір ай бойы біз «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанын бастаймыз және өткіземіз. Мақсат - біздің сүйікті қаламыз одан да жақсы және әдемі болуы үшін барлық ниеттес тұрғындарды біріктіру. Бұл тек тазалық пен тәртіпке ғана емес, сонымен бірге өзіміз бірге жасаған құндылықтарға ұқыпты қарауға да қатысты. Үлкен істер кішіден басталады. Менің тапсырмам бойынша барлық қалалық коммуналдық қызметтер, аудан әкімдіктері алдағы науқанға белсенді қатысады. Барлық іс-шаралар қала атынан қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген, – дейді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Науқан 4 негізгі кезеңге бөлінген:
1. «Біздің қала – біздің көшелер» (8-14 сәуір) - қалалық инфрақұрылымды: жолды, жер үсті және жер асты жаяу жүргіншілер өткелдерін, аялдама кешендерін, бағдаршамдарды, жарық беру құралдарын, белгілерді, туристік тотемдерді, қоғамдық дәретханаларды тазалау және ретке келтіру апталығы. Дезинфекция және дезинсекция жүргізе отырып, люктер ауыстырылады, қоқыс жәшіктері жөнделеді.
2. «Біздің қала – біздің аула, біздің үй» (15-21 сәуір): көшет отырғызу апталығы. Аулалар мен ойын алаңдары жөнделіп, ретке келтіріледі. Аулалар мен есік алдындағы шағын бақты көгалдандырғысы келетіндерге көшет, жеке үйлердің қоршауын сырлағысы келетіндерге бояу беріледі. Осы кезеңде түрлі шығармашылық әрі экологиялық іс-шаралар басталады – «Жас жұбайлар» креативті эко-хабы мен аллея ашу, «Эко-марафон» плоггингі, дәмханалар мен мейрамханаларда тамақ қалдықтарын жинау жобасы; «Таза ойындар» акциясы, «Мерзімі өткен дәрі-дәрмекті өткізіңіз – табиғатты сақтаңыз»; «Үздік аула», "Үздік шағын бақ», «Коммуналдық қызметтің үздік қызметкері» байқаулары, «Жасыл планета – біздің ортақ үйіміз» мектеп суреттері байқауы және т.б. 20 сәуір күні жалпықалалық сенбілік жоспарланған.
3. «Біздің қала - біздің тау, өзен мен көлдер» (22-28 сәуір): жағалаулар мен су айдындарын, саябақтарды, скверлер мен тау бөктерін тазалау апталығы.
4. «Біздің қала – біздің мақтаныш» (29 сәуір – 8 мамыр): ескерткіштер мен мәдениет нысандарды тазалау апталығы. Соңғы аптада қаладағы субұрқақтар іске қосылып, науқанға белсенді түрде қатысқан тұрғындар сыйлықтармен марапатталады.
Науқан қорытындысы бойынша 1765 аялдама павильоны, 480 бағдаршам нысаны, 56 жер асты және 78 жер үсті өткелі, 1500 қоқыс алаңы, 24747 қоқыс жәшігі, 15454 орындық, 161 ескерткіш жуылып, жөндеуден өтеді. Қаланың коммуналдық қызметі 153 саябақ пен скверді, 1349 км арық желісін, 4468 км көше мен тротуарды, 235 люкті тазалайды. Науқан аясында 3420 жарық нүктесі, 650 белгі жаңартылып, 20 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылады. 1 мамырда қалада 65 субұрқақ іске қосылады.