Фотография – туризмді насихаттауға таптырмас құрал

24 Тамыз 2024, 18:06
658
Бөлісу:
Фотография – туризмді насихаттауға таптырмас құрал
Фото: Фото: Дәурен Махсұтханұлы

«Жерұйық көрем десең, Кегенге кел!» дәл осындай атаумен туризмді насихаттауға арналған бірегей жоба Алматы облысында жүзеге асты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев осы жылы туризм саласына байланысты арнайы кеңес өткізіп, еліміздің географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқанына, алуан түрлі табиғатымыз, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз бар екеніне қарамастан, туризм саласындағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын қатты сынға алғаны белгілі.

Сол жиында Мемлекет басшысы: «Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі. Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Бұған қоса, аталған көрсеткіш бойынша біз климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерге де есе жіберіп отырмыз. Туризм саласы қарқынды түрде даму үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет екені анық, – деген болатын.

Ел басшысы көтерген мәселенің бірі туризмді дамыту болса, оны алдымен елге, жұртқа жан-жақты насихаттауды мемлекеттік және жергілікті деңгейде қолға алу қажет екендігі белгілі. Осы ретте танымал фотограф, фотопублицист Асылхан Әбдірайымұлы бастаған республикалық «Фотоөнер» бірлестігі аса көп қаражатты қажет етпейтін ерекше жобаны бастап кетті. Бұл жобаны алғашқы болып қолдаған Алматы облысы Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы Теңізбаев бастаған аудан жұртшылығы.

«Жерұйық көрем десең, Кегенге кел!» атты фотосапарға сол өңірдің тумасы, танымал журналист, филология ғылымдарының кандидаты,ғалым Сағатбек Медеубекұлы басшылық етті. Фотосапар мүшелерінің құрамында ардагер фототілші Нұрманбет Қизатұлы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайымұлы, Әкбар Үркімбай, Ернұр Манапхан, Дәурен Мақсұтханұлы, Досжан Балабекұлы, Айым Бақыбек және Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің фототілшісі Дәурен Әбутәліпов сынды фотосуретшілер болды.

Фотосапар қатысушылары Алматы қаласындағы Райымбек батыр кесенесінде кездесіп,зиярат етіп, Райымбек ауданына барар күре жол бойындағы Аласа асуында бір аялдап, Ақсай ауылында орналасқан Қызылтөбедегі петроглифтерді суретке түсірді. Одан кейін аудан орталығы Кеген кентіндегі аудандық әкімдік ғимаратында аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков фотосапар мүшелерін қарсы алып, тарау-тарау тарих пен тұмса табиғатқа толы Кеген ауданына туристерді тартуға бағытталған іс-шараға орай арнайы жиын өткізіп, туризмді насихаттаудағы келелі мәселелер талқыланды. Оған аудандағы мекеме қызметкерлері, ауыл әкімдері, өлкетанушылар мен жергілікті БАҚ өкілдеріқатысты.

Фотография – туризмді насихаттауға таптырмас құрал

Жиынды жүргізіп отырған Кеңес Күнесбайұлы, алғашқы сөзді сапар жетекшісі Сағатбек Медеубекұлына ұсынды. Сағатбек Медеубекұлыжоба жайлы айта келіп: «Бұл – Асылхан Әбдірайымұлының бастамасы, өйткені Асылханмен бірге Кеген ауданын бірнеше рет аралағанбыз. «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі – Қазақстандағы белгілі фотографтардың басын біріктіретін ұйым. Оның құрамында жасы 80-нен асқан Қалиқұмар Қабдешұлы деген ақсақалымыз бен Нұрманбет Қизатұлы және бірнеше танымал азаматтар бар. Әрине, елімізде туризмді дамыту үшін, көрікті жерлер мен өңір тарихын жан-жақты насихаттау керек. Біздің мақсатымыз да сол», – деп, кіріспе сөзін аяқтап, ары қарай Кеген ауданына қарасты жерлердегі туризм ошағы болуға сұранып тұрған тарихи нысандар жайлы арнайы баяндама жасады.

Фотография – туризмді насихаттауға таптырмас құрал

Келесі сөзді алған «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Әбдірайымұлы фотосапарды ұйымдастырып, өткізуге жан-жақты қолдау көрсеткені үшін әкім Нұрбақыт Молдахметұлы бастаған аудан жұртшылығына ризашылығын айта келе, белгілі фотосуретші Сайлау Пернебаевтың шығармашылығына арналған «Ақ пен қара» атты фотоальбомды сыйға тартты.

Фотография – туризмді насихаттауға таптырмас құрал

Одан кейін ардагер фототілші Нұрманбет Қизатұлы құттықтау сөзін арнау өлеңімен жеткізіп, сөзінің соңында өзінің «Жан шуақ» атты фотожинағы мен фотограф Досжан Балабекұлының «Көлсай кереметі» фотокартинасын естелік сыйретінде табыс етті.

Фотография – туризмді насихаттауға таптырмас құрал

Сөз кезегін алған өлкетанушы ғалым, суретші Болат Сәрсенбай: «Кеген ауданы өзінің тарихи ескерткіштерімен облыс бойынша бес ауданның қатарында, туризмге таптырмас өңір», – деп, фотосапар қатысушыларына дұрыс бағытта екендігін айта келіп, өзі де сапарлас болатындығын жеткізді.

Кеген аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Сабыр Досымбеков еліміздің туризмі мен тарихын түгендеп, насихаттап жүрген шығармашыл азаматтарға алғысын білдіре келіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

20 тамыз күні Алматы облысы, Кеген ауданында орналасқан табиғаты көркем һәм тарихи орындар – Ақшоқы, Жуантөбе, Қызыларасан, құмға бөккен ежелгі шаһар Құмтекейді, Ереуілтөбе, көнеден сыр шерткен Балбал тастарды, Мыңжылқыжайлауын аралап келіп Қарқара ауылына түнеді.

Келесі күні таң ата Тасашы, Бөлексаз, Шырғанақ, Талды, Екіаша, Кеңсу, Орта Меркі, Жайдақбұлақ, Тоғызбұлақ ауылдарын, Көлсайкөлдерін, Саты петроглифтерін фотосуретке түсіріп келіп, Қарабұлақ ауылында жаңадан ашылған «ДемаLike» заманауи қонақ үйіне аялдады.

Жанға жайлы қонақ үйде демалысқа қажеттінің бәрі бар, аппақ төсек, ыстық әрі дәмді тамақ, душ, ашық аспан астындағы кинозал, сонымен қатар садақ ату, экстримге толы ағынға қарсы жаяу жүру, атпен серуендеу сынды түрлі қызметтерді көрсетедіекен.

Сапардың соңғы күні Таңбалытас шатқалын, Жалағаш, Ағанас, Қоржынбайдың еспесі мен Көртоғай шатқалдарын аралай отырып небір қайталанбас тарихи фотосуреттерді түсірді.

Сөз соңында айта кетейік, Кеген ауданы әкімдігінің барша аппараты бір үйдің баласындай болып, істе ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Яғни, фотосапар мүшелерін әрбір ауыл әкімі өзара келісе отырып, өз ауылына келгенде шекарасынанкүтіп алып, келесі ауылдың шегіне жеткенде шығарып салып, әкіміне табыстап отырды.

Бұл сапардан не түйдік?! Елімізде экотуризм, этнотуризм, тарихи туризм сынды туризмнің сан саласын дамытуға болады. Қазақстанның кез келген облысында туризмге сұранып тұрған тарихи һәм туризм нысандары жетерлік, тек оны фотосапарлар ұйымдастырып, бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттаса ғана отандық және шетелдік туристер саны арта түспек.

Сондықтан алдағы уақытта өзге өңірлер де Алматы облысы Кеген ауданынан эстафетаны қабыл алады деп сенеміз. «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі кез келген тиімді ұсынысты қолдауға әзір.

Өзгелердің жаңалығы