Деректер базасының ықтимал тарап кетуі салдарынан 17,5 миллион Instagram аккаунтына қауіп төнуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ Forbes журналына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, аккаунттардың бұзылуы туралы алғашқы хабарламалар breachforums хакерлік форумында пайдаланушылар парольді қалпына келтіру жөнінде жаппай хабарлама ала бастағанға дейін бірнеше сағат бұрын пайда болған.
Forbes бұл жағдайды парольді қалпына келтіру сұраныстарының күрт өсуімен байланыстырады және мұндай шабуылдардың мақсаты – пайдаланушылар арасында үрей тудыру екенін атап өтеді.
Сонымен қатар, Instagram әкімшілігі парольді қалпына келтіру туралы хат алу аккаунттың міндетті түрде бұзылғанын білдірмейтінін ескертті. Әлеуметтік желі екі факторлы аутентификацияны қосу аккаунтты қорғаудың тиімді тәсілі екенін мәлімдеді.
Сарапшылар пайдаланушыларға егер парольді өзгерту сұранысын өздері жасамаған болса, электрондық хаттағы сілтемелерге өтпеуге және қауіпсіздік баптауларын мұқият тексеруге кеңес береді.