Физика-математика бағытында оқитын мың бала бір сәтте домбыра шертті

24 Мамыр 2022, 21:55
3292
Бөлісу:
Физика-математика бағытында оқитын мың бала бір сәтте домбыра шертті
PHOTO
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада НЗМ-нің 1032 оқушысының қатысуымен домбыра сабағы өтті.

Бұл сабақты Гиннесс рекордтар кітабына енгізу жоспарланып отыр. Рекорд «Ең ауқымды домбыра сабағы» атауымен онлайн тіркелді.

Сабақта оқушылар «Сарыарқа», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес» және «Жастар биі» күйлерін орындады.

Домбыра сабағы аяқталғаннан кейін ауқымды іс-шараны өткізуге атсалысқан оқушылардың пікірін білдік.

«Домбыраның маңыздылығын енді түсіндік»

Физика-математика бағытында оқитын мың бала бір сәтте домбыра шертті

Бүгінгі сабақты өткізу үшін өте көп жұмыс істедік. Жаңа байқасаңыздар, бірінші қатарда 7-сыныптың балалары отырды. Олар мектепке енді ғана келсе де, домбыраны керемет шертеді. Карантин кезінде онлайн форматта оқыған кезде домбыра сабағы тоқтап қалды. Енді осы оқу жылында домбыраны қайтадан үйрендік. Бүгінгі іс-шара арқылы өзіміздің өнерімізді, танымал күйлерімізді әлемге танытқымыз келді. Домбыраның маңыздылығын, оны әлемге танытып жатқанымызды енді ғана сезініп тұрмыз, - деді 9-сынып оқушысы Әділби Бесімбаев.

Ол бүгінгі сабақ өзіне ерекше әсер еткенін айтып, осындай іс-шараның бір мүшесі болғанына риза екенін жеткізді.

Байқалып тұрған шығар. Қазір өзімді өте бақытты сезініп тұрмын. Рекорд орнату үшін қаншама тер төктік. Тіпті жаттығып жүргенімізде «ол не үшін керек?» деп те ойладық. 1000 емес, 500 баламен жасасақ деп те ойладық. Бірақ қазір байқап тұрмыз, барлығы тамаша өтті, - деп айтты Әділби Бесімбаев.

Балалар осы сабақты өткізуге 2021-2022 оқу жылы басталғалы бері дайындалған. 

«Бүгін барлығы батылдығын көрсетті»

Одан бөлек, 9-сынып оқушы Ерасыл Айбекұлы да өз ойын білдірді.

Физика-математика бағытында оқитын мың бала бір сәтте домбыра шертті

Барлық мектеп ұжымымен бірігіп, осы сабақты өткізуге бір жыл бойы дайындалдық. Өздеріңіз білетіндей, үлкен іс-шараға үлкен дайындық керек. Білетіндеріміз білмейтіндерге көмектестік. Домбыраны үйрену көп уақытты талап етті. Менің ойымша, сабақ жақсы өтті, - дейді Ерасыл.

Ол қазіргі күні 5-6 күй біледі. 8-сыныпты қашықтан оқығанда Ерасыл видеосабақтар арқылы домбыраны үйренуді жалғастырған.

НЗМ-ге 7-сыныпта түстім. Осы уақыттан бастап домбыраға қызығушылығым оянды. Сөйтіп осы мектепке түскелі домбыраны шерту қабілетімді шыңдай түстім, ал оған дейін домбыра тартуды білмейтінмін. Осылайша бүгін ауқымды іс-шараның бір мүшесі болып отырмын. Алғашында қобалжыдым. Қазір осы сабаққа қатысқаныма өте қуаныштымын. Себебі барлығымыз жақсы өнер көрсеттік. Бірақ қолымыздан келмейді деп ойладым. Бірақ бүгін барлығы батылдығын көрсетті, - дейді Ерасыл Айбекұлы.

Олар сабаққа дайындықты күніне шамамен 10-20 бала жиналып өткізіп отырған. Ал бүгінгі сабаққа дейін бірнеше рет басты дайындық болған. Осы ретте қорытынды сабақ Ерасылға ерекше көңіл-күй сыйлағанын байқадық.

«Бүгін біз үшін ерекше күн»

Ал 9-сынып оқушылары Нұрдана Ербол мен Айша Жеңісова былай дейді.

Физика-математика бағытында оқитын мың бала бір сәтте домбыра шертті

Бүгін біз үшін өте ерекше, қуанышты күн. Себебі бір жыл бойы осы іс-шараға дайындалдық. Сондықтан оны сәтті өткізгеніміз үшін қатты қуанып тұрмыз. Біз әр күн сайын домбыраны шертіп, күйлерді жаттадық. Енді бүгін сол дайындықтың барлығын іс жүзінде көрсете білдік, - дейді қыздар.

Олар күн сайын достарымен бірге домбыра тартуды үйренген.

Мақсатымыз – «Жаңа Қазақстанға» жаңа үн қосу

Физика-математика бағытында оқитын мың бала бір сәтте домбыра шертті

Сонымен қатар ауқымды сабақтың өткізілуіне көп күш жұмсаған қосымша білім беру педагогы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтаған оның маңыздылығына тоқталды.

Сабақты өткізуге қосымша аспаптар алынып, сыныптар мен сағаттар бөлінді. Әрине бүгін сабаққа қатысқан оқушылар физиктер, математиктер. Бұл жерде біз музыкалық мектеп аша алмаймыз, тек қосымша үйретеміз. Қазақтың балалары өте дарынды. Физикадан, математикадан қандай жақсы көрсеткіштер көрсетсе де, домбырадан да біраз жерге барып қалады. Өйткені олар қазақ, қазақ болғаннан кейін жүрегінде күй жатыр. Осындай балаларды оқытып жатыр. Жалпы кішкентай балалар әрбір ісін таза істейді. Күй ойнаса да таза ойнайды, бір сөз айтса да таза айтады. Шын көңілімен істейді, - дейді ұстаз.

Бүгінгі сабақ пандемиядан кейін дайындалып, өткізіліп отырғанын атап өтті. 

Оның сөзінше, бүгінгі іс-шара жаңарып жатқан елге жаңа үн қосу ниетімін өткізіліп отыр.

«НЗМ-ге келген баланың бәрі домбыра ойнайды»

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова сабақтың маңыздылығын айтып берді.

Физика-математика бағытында оқитын мың бала бір сәтте домбыра шертті

НЗМ құрылғаннан бастап балаларға ұлттық тәрбиені беру, отансүйгіш, елжандылыққа тәрбиелеу мақсатында бірнеше ұлттық бағдарлама пайда болды. Мысалы, «Туған елге тағзым, «Қазақтың 100 әні» және т.б. Алдымен біз балаларға қалаулары бойынша домбыраны үйрете бастадық. Домбыраны мүлде ойнай білмейтін балалар қолдарына аспапты алып, нотадан бастап үйренді, - дейді НЗМ басшысы.

Оның сөзінше, Назарбаев Зияткерлік мектептеріне келген баланың барлығы домбырада ойнайды. 

Мысалы, бүгінгі 7-сынып оқушылары былтыр қыркүйекте домбыраны қолдарына бірінші рет алған балалар. Бүгін балаларға домбыран әлемге танытып жатқандарын мақтанышпен естеріне салып жатырмыз. Сол себепті бүгінгі сабақтың әр бала үшін орны, маңызы ерекше, - деді ол.

Күләш Шәмшидинова бүгін барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқу жылы домбыра сабағымен аяқталғанын атап өтті.

Соңғы сабақ физика, орыс тілі, қазақ тілі болса, оны домбырамен бірге өткізіп жатыр. Географияны, тарихты, математиканы да домбырамен беріп жатыр. Себебі домбыраны кез келген сабақта қолданып, кіріктіруге болады, - деп айтты басшы.

Өзгелердің жаңалығы