Фируза Шәріпова: Мен азаматтығымды ешқашан ауыстырмаймын

26 Тамыз 2020, 18:10
1901
Бөлісу:
Фируза Шәріпова: Мен азаматтығымды ешқашан ауыстырмаймын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның кәсіпқой бокс бойынша әлем чемпионы Фируза Шәріпова 22 тамыздағы жеңісінен кейінгі орынсыз айыптауларға жауап берді.

Еске салсақ, 22 тамызда қазақстандық спортшы танзаниялық Хэппи Даудимен жекпе-жекте мерзімінен бұрын жеңіске жеткен еді. Алайда, осы жекпе-жекті көрсеткен кейбір телеарнада спортшының есімі бейнеленген инфографикада Ресейдің мемлекеттік туы пайда болған.

Казаньдағы жекпе-жектен кейін мені Қазақстанның ақшасымен ресейлік ту астында өнер көрсеткенім үшін айыптады. Біз бұған дейін де бұның қателік екенін айтқан едік. Менің киімімде, залдағы экрандарда және Хабар арнасының трансляциясы кезінде Қазақстанның туы болды. Мен ешқашан азаматтығымды айырбастамаймын, өйткені елімді қатты жақсы көремін!, - деді ол.

Оның айтуынша, бұл жекпе-жекке бір теңге жұмсалмады. 

Бізде Қазақстаннан бірде-бір демеуші немесе қаржылай қолдау болмады. Жекпе-жектің болуына менің менеджерім Сергей Завилейскийдің Казаньдағы Ratel Pro Fight проумотерлік компаниясымен келісімшарт жасасуы себепші болды. Компанияның басшысы Рүстем Имангалиев жекпе-жектің қаржылай демеушісі болды, - деді Шәріпова.

Спортшы қазақстандық компаниялармен әріптестік орнатуға ниетті екенін білдірді.

Біз Қазақстанның ірі компанияларымен әріптестік орнатып, отандық бизнесті әлемдік деңгейде паш еткіміз келеді. Кәсіпқой бокста боксшының дарындылығы ғана емес, ақша да маңызды. Сол себепті, демеуші көбейген сайын мансап та жемісті болады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы