Финляндия президенті Александр Стубб Bloomberg TV арнасына берген сұхбатында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленский арасындағы келіспеушілікті шешудің ерекше жолын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақ үйде болған екі тараптың пікірталасынан кейін мәселені финляндиялық дәстүрмен шешуге кеңес берді.
Терең тыныс алып, суық ванна қабылдап, саунаға барып, дем алып, содан кейін келіссөз үстеліне қайта оралу керек, – дейді Стубб.
Оның пікірінше, қазба байлықтарына қатысты келісім «маңызды қадам» болуы мүмкін және бейбітшілік пен келіссөздерге жол ашады. Себебі бұл Трамп үшін Украинаға деген «күшті экономикалық қызығушылық» тудырады.
Айта кетейік, Финляндия – жан басына шаққандағы ең көп саунасы бар ел.
Еске салсақ, өткен жұмада Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамп, оның вице-президенті Джей Ди Вэнс және Зеленский арасында кездесу өтті. Кездесу соңы ашық сөзталасқа ұласып кетті.
Fox News мәліметінше, АҚШ президенті ашуланып, Киев басшылығын «бөлмеден шығарып жіберді», себебі кездесуде ол «құрметсіздік танытты».