Филиппиннің орталық бөлігіндегі Себу қаласында қоқыс полигонының опырылуы салдарынан ондаған адам жоғалып кетті. Құтқарушылар апат орнында тәулік бойы іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Қала әкімі Нестор Арчивалдың айтуынша, екі күн өткен соң да қираған аумақта тіршілік белгілері анықталған. Қазіргі мәліметке сәйкес, төрт адамның қаза тапқаны расталды, 12 адам ауруханаға жеткізілді. Ал 30-дан астам адам әлі табылған жоқ, олардың барлығы полигонда жұмыс істеген.
Құтқару жұмыстары тұрақсыз қоқыс үйінділері салдарынан қиындыққа тап болған. Билік заманауи ауыр техниканы, соның ішінде 50 тонналық кранды тартуға мәжбүр болды.
Апат бейсенбі күні Биналив жеке полигонында болған. Сол сәтте аумақта шамамен 110 жұмысшы болғаны хабарланды. Жоғалғандардың туыстары апат орнында жақындарынан хабар күтуде.
Құлаудың нақты себебі әзірге белгісіз. Дегенмен жергілікті билік өкілдері полигонда қалдықтарды дұрыс тастамау мен топырақ қабаттарын ретсіз қазу апатқа себеп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Аумағы шамамен 15 гектарды құрайтын Биналив полигоны Себу қаласының негізгі тұрмыстық қалдық қабылдайтын орны болған.