Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық футбол федерациялары қауымдастығы (ФИФА) швейцариялық Джанни Инфантиноны тағы төрт жылға президенттік қызметке сайлады. Мұндай шешім Парижде өткен конгресте қабылданды.
Конгресс делегаттары осының алдында ФИФА-ның кеңесінің ұсынысын қолдап, қағаз түрінде дауыс беруден бас тартқан болатын. Олар Инфантиноның кандидатурасын қол шапалақтау арқылы сайлады.
Инфантино барлығына алғыс білдіріп, ФИФА-да жұмыс істеу ол үшін үлкен абырой екенін айтты.
Еске сала кетейік, 49 жастағы Джанни Инфантино ФИФА президенттігіне үміткер жалғыз кандидат болды. Ол бұл ұйымды 2016 жылдан бері басқарады. Мұның алдында президент болған Йозефа Блаттер жемқорлық ісі бойынша қызметінен кеткен еді.
Елімізден Париждегі конгреске Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков қатысып, Джанни Инфантиноны құттықтады.