Арнайы комиссия «YDD Corporation» ЖШС ферроқорытпа зауытында орын алған топтық жазатайым оқиғада жұмыс берушінің кінәсін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2024 жылғы 20 шілдеде Қарағанды қаласында орналасқан «YDD Corporation» ЖШС ферроқорытпа зауытындағы адам шығыны орын алған топтық жазатайым оқиғаны тергеу үшін құрылған арнайы комиссия оқиғаның мән-жайын зерделеп, негізгі кінә жұмыс берушіде екенін анықтады. Комиссия мүшелері техникалық құжаттаманы, оқиға болған жерді тексеру нәтижелерін, куәгерлердің сауалнамаларын, сараптама ұйымының қорытындысын, нормативтік құжаттар мен басқа да материалдарды зерделегеннен кейін осындай қорытындыға келді. Кәсіпорында травматикалық факторлардың әсерін болдырмау үшін шұғыл шаралар тиісті дәрежеде қабылданбағаны, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен қызметкерлердің ережелерді, нұсқаулықтарды және технологиялық тәртіпті сақтауын бақылау элементтері тиісті дәрежеде жасалмағаны анықталды, - делінген хабарламада.
Комиссия мүшелері зардап шеккендермен және зардап шеккендердің отбасы мүшелерімен кездесті, оларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес олардың әлеуметтік қорғауға заңды құқықтары түсіндірілді.
Арнайы комиссияның тергеу нәтижелері және жиналған барлық материалдар болған жазатайым оқиғаға кінәлі деп танылған адамдарды жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдарына берілетін болады.
Сондай-ақ, комиссия «YDD Corporation» ЖШС басшылығына жазатайым оқиғаның себептерін жою және алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу жөнінде шаралар кешенін қабылдауға қаулы етті.
Жұмыс берушінің ақпаратына сәйкес, жұмыс берушінің міндеттемелеріне қатысты материалдық сипаттағы барлық мәселелер, сондай-ақ қаза тапқандар мен зардап шеккендердің жақын туыстарына өзге де көмек көрсету реттелген.
Сонымен қатар, жұмыс беруші зардап шеккендердің жақын туыстарына өтеусіз материалдық көмек көрсетті.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 20 шілдесінде Қарағанды қаласында «YDD Corporation» ферроқорытпа зауытында өндірісте жазатайым оқиға орын алып, нәтижесінде сегіз жұмысшы зардап шекті, олардың төртеуі қаза тауып, қылмыстық іс қозғалған болатын.