Фасциолезбен күресте қаз бен үйректің пайдасы зор – жас ғалым

11 Ақпан 2019, 16:11
3797
Бөлісу:
Фасциолезбен күресте қаз бен үйректің пайдасы зор – жас ғалым

Алматы, BAQ.KZ, тілшісі. Алматыда «Жас ғалымдардың отандық агроөнеркәсіптік кешенінің индустриалды-инновациялық дамуына үлесі» атты I-ші Халықаралық Форум өтіп жатыр. 

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде өтіп жатқан форумда агротуризм, өсімдік шаруашылығындағы агроинновация, табиғи ресурстарды басқару, жаңа технологиялар және агротехникалық құралдар, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, ветеринария, жасыл экономика, су ресурстарын басқару бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар нәтижелері мен жастардың «start-up» жобалары таныстырылуда.

Аталған университеттің 3 курс студенті Бағдат Сұлтан да өз стартап жобасымен бүгінгі форумға қатысып отыр. Оның жобасының тақырыбы: Күйіс қайтаратын жануарлардың трематодаларымен, яғни фасциоламен залалдануының алдын алу.

Фасциолезбен күресте қаз бен үйректің пайдасы зор – жас ғалым

Ветеринарлық медицина мамандығы бойынша білім алып жатқан Бағдаттың айтуынша, фасциола дегеніміз паразитті ауру және ол көктем кезіндегі шалшық суларда пайда болатын құрттар. 

«Бұл паразиттер су арқылы жануарлардың ішіне еніп, асқазан, бауыр жолдарын зақымдайды. Оған бір жануар шалдықса, қалған малдың бәріне жұғады. Ол су арқылы бір жануарға енсе, нәжіспен сыртқа шығады, одан шөпке енеді, шөптен басқаларына тарай береді»,-дейді ол. 

Жас ғалымның айтуынша, көптеген қожалықтар мұндай аурумен күресу үшін Альберт суспензиясы сынды түрлі химиялы дәрі-дәрмекті пайдаланады екен. Алайда ол кезде малдың етін бір айға дейін жеуге болмайды және әр жануарға 5 гр дозада пайдалану керек болса, бұл қожалық иесіне қымбатқа түсетін көрінеді. Егер дәрілерді пайдаланбасаң шаруашылықтың құрдымға кету қаупі бар екен. 

«Біз шаруа қожалығына химиядан бас тартқызып, өзіміз тапқан жолмен зерттеу жұмысын жүргізіп отырмыз. Яғни шаруалардың территориясын, экологиясын, биологиялық ерекшеліктерінің барлығын есептей отырып жайылымдық жерге қазбен үйрек жаюды ұсынып отырмыз. Бүкіл жануарлардың ішінде осы қаз бен үйрек фасциолезбен зақымданбайды екен. Олар паразит құрттарды жеу арқылы бүкіл жайылымдық жерді тазартады»,-дейді ол.

Фасциолезбен күресте қаз бен үйректің пайдасы зор – жас ғалым

Сондай-ақ ол, өзі зерттеу жүргізген Түркістан облысында қаз бен үйректің фермасы мүлдем жоқ екенін және өзінің стартап жобасында қаз бен үйрек фермасын ашуды да көтеріп отырғанын жеткізді.

«Егер мың бас қаз бен үйрек болса оны шаруаларға уақытша жалға беруге болады. Оңтүстікте дәл қазір осы қаздарды жаятын уақыт, яғни қардың еріп, шалшық судың жиналатын кезі. Осы жұмыс барысында бүкіл Түркістан облысы зерттелді және фасциолиозды емдеуде қаз бен үйректі жаю әдісі ұсынып отырмыз»,-деді Б. Сұлтан. 

Жас өнертапқыш бұл тақырыпты төрт жыл бұрын қолға алғанын айтады.

«Ол кезде өз шаруа қожалығымызда көктем сайын әр жануарға Альберт суспенциясын апарып егетінмін. Оның әр миллилитрі – 1000 теңгеден, жалпы 200 мың теңге шығын кететін. Ал біздің ұсынған әдісімізбен бұл шығын ары кетсе 30 мың теңге айналасында болады»,-дейді ол.

Әділет Мұсахаев

Өзгелердің жаңалығы