Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 7 фармацевтикалық компания Арыстағы апаттан зардап шеккендерге 25 миллион теңгенің дәрі-дәрмегін әкелді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған медициналық препараттарды Медициналық штабтың жетекшісі, Түркістан облысының бас дәрігері Мұқан Егізбаев бастаған дәрігерлер таратуға кірісті.
Жедел медициналық көмек көрсету мақсатында Арыс қаласының, Ордабасы ауданының, Түркістан, Кентау және Шымкент қалаларының 22 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмылдырылған.
Жақын облыстарда (Жамбыл және Қызылорда облыстарында) 16 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмылдырылған және толық дайын.
Қажет болған жағдайда жедел тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында борттағы медициналық жабдықтармен және ұтқыр бригадалармен жабдықталған 2 санитарлық авиация тікұшағы дайын. Санитарлық авиация желісі бойынша Алматы қаласынан келген пациенттерге консультациялық көмек көрсету үшін Шымкент қаласына реаниматологтар, травматологтар, камбустиологтар, балалар реаниматологтары мен нейрохирургтары бар 2 мультидисциплинарлық бригада жіберілді. Қазіргі уақытта мамандар он бір пациентке консультациялық көмек көрсетті, бір пациентке сол жерде ота жасалды.
Сонымен қатар, медициналық көмек көрсету үшін орталық аудандық ауруханаларға (Отырар, Ордабасы және Сарыағаш аудандары) камбустиолог-дәрігерлер, нейрохирургтер, реаниматологтар мен неврологтар жіберілді. Мамандар зардап шеккен үш науқасқа консультациялық көмек көрсетті.
Арыстың емделушілері ауруханадан шыға бастады. Бүгінгі таңда ауруханада 74 науқас жатыр.
Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшылығы Арыста орын алған апатты жағдайға орай қолын созып, 14 жедел жәрдем көліктерін көмекке жіберген Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа алғыс білдіреді.
Сондай-ақ, Түркістан облысының дәрігерлер қауымдастығы «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қорына 1 күндік жалақыны аударды. Қаржы Түркістан облысының Арыс қаласында болған жарылыстардың салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге бағытталған.