Түркістан облысында ирандық компания фармацевтикалық зауыт салады

14 Ақпан 2019, 08:58
2044
Бөлісу:
Түркістан облысында ирандық компания фармацевтикалық зауыт салады

Астана, BAQ.KZ. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Иран елінің инвесторлармен кездесті. Өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген меймандар ТМД елдері арасындағы сапарын Қазақстаннан бастап отыр.

Компанияның маңызды және бірегей ерекшеліктерінің бірі - зерттеуге инвестиция салу, сондай-ақ кадрларды дайындаудағы тұрақты ұмтылыс. Фармацевтика саласында бәсекелестерінің алдын орап үлгерген компания 54 түрлі дәрі-дәрмек шығарады. Сапалы өнімдерін Еуропа нарығына жөнелтіп келеді.

Бүгінде қызметкерлердің 30% - доктор, магистратура және фармакология саласындағы мамандар. Олар ғылыми-зерттеу, дамыту және сапаны бақылаумен айналысады. Niak фармацевтикалық компаниясы соңғы GMP стандарттарына сәйкес №2 зауытты дамытуды жоспарлап отыр.

«Мен Сіздердің бұл бастамаларыңызды толық қолдаймын. Маңызды қадам жасалып жатқаны анық. Сондықтан жұмысқа еш алаңсыз кірісулеріңізге болады. Сіздер үшін индустриялдық аймақты дайындаймыз. Еуропалық одақтың нарығына шығудың да тиімді тұстарын атап кетуге болады. Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Арменияға өндірілген дәрілерді еш кедергісіз жеткізесіздер. Бұл - шамамен 200 млн халыққа жол тартады деген сөз. Экономикалық аймақ ретінде өзімізде де жеңілдіктер қарастырылған. Кеден бекеттерінен қиындықтар болмайды. Сондықтан белсенді түрде білек түре іске кірісуге шақырамын. Бюрократия болмас үшін мен өзім қадағалаймын», — деді Ж.Түймебаев.

Өз кезегінде, Иран инвесторлары аймақ басшысына ризашылығын білдірді. Кездесуде екі жақты мемарандумға қол қойылды. Меймандар Түркістанмен сауда-экономикалық байланыстарының одан әрі нығаюына ниетті екенін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы