Аукционға қойылған, салмағы шамамен 1,4 тонна болатын құрылым 40 жылдан астам уақыт бойы жеке коллекцияда сақталған.
DW мәліметінше, Францияда Arcurial аукцион үйі XIX ғасырдың соңына тиесілі конструкцияны саудаға шығарған. Биіктігі шамамен 2,7 метр болатын, 14 басқышы бар бұл бөлік Эйфель мұнарасының екінші және үшінші деңгейлерін жалғаған спиральды баспалдақтың бір бөлігі болған. Дәл осы баспалдақпен 1889 жылғы халықаралық көрмеге келген қонақтар көтерілген.
1983 жылы жаңғырту жұмыстары кезінде баспалдақ алынып тасталды. Ол келушілер үшін қауіпті деп танылып, орнына заманауи лифтілер орнатылған. Кейін конструкция 24 түрлі бөлікке кесілген. Оның кей бөліктері бүгінде Азаттық мүсіні маңында, Жапониядағы музейлер мен жеке бақтарда, сондай-ақ Disneyland саябағында сақтаулы. Қалған фрагменттері ірі жеке өнер коллекцияларына өткен.
Саудаға шығарылған бұл құрылым сатылар алдында Эйфель мұнарасымен жұмыс істейтін мамандардың көмегімен қалпына келтірілген. Оның бастапқы бағасы 120-150 мың еуро көлемінде бағаланған.
22 мамырда есімі жарияланбаған француз коллекционері баспалдақтың осы бөлігін 450 мың еуроға сатып алды.
Эйфель мұнарасы 1889 жылғы дүниежүзілік көрмеге арналып салынған. Алғашында оны уақытша нысан ретінде көрме аяқталған соң бұзу жоспарланған. Алайда уақыт өте келе мұнара Париж қаласының басты символына айналып, бүгінде әлемдегі ең көп келуші қабылдайтын нысандардың бірі саналады.