Парижде өткен аукционда Эйфель мұнарасының тарихи баспалдақ фрагменті 450 160 еуроға сатылды. Сауда Artcurial аукцион үйінде өтті.
Euronews-тің хабарлауынша, сатылған нысан мұнараның 1980 жылдары қайта құру кезінде бөлшектелген, екінші және үшінші қабаттарды жалғайтын бастапқы спиральды баспалдаққа тиесілі болған. Барлығы 24 сатыдан тұратын бұл бөлік мұнараның алғашқы құрылыс кезеңінен сақталған сирек жәдігерлердің бірі саналады.
Аукцион үйінің мәліметінше, бұл баспалдақ фрагменті жеке коллекцияда шамамен 40 жыл сақталған. Оның бастапқы бағасы 120–150 мың еуро аралығында болған.
Мұндай тарихи бөліктер әлемде өте аз сақталған. Бұған дейін ұқсас фрагмент 2016 жылы Sotheby’s аукционында 523 800 еуроға сатылған еді.
Қазіргі таңда Эйфель мұнарасының баспалдақ бөліктері әлемнің түрлі жерлерінде сақтаулы: Жапониядағы бақтарда, Нью-Йоркте және Диснейленд аумағында да осындай экспонаттар бар.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар Эйфель мұнарасына қарама-қарсы тұрған «Қазақстан» жазуын сынға алды.