Эвакуацияны қазірден бастаңыз. БҚО әкімдігі ескерту жасады

15 Сәуір 2024, 09:50
2779
Бөлісу:
Эвакуацияны қазірден бастаңыз. БҚО әкімдігі ескерту жасады
Фото: Батыс Қазақстан облысының әкімдігі

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі 15 сәуірде Орал қаласының тұрғындарына ескерту жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Баршаңызға белгілі, қалада су тасқыны қаупіне орай күрделі жағдай қалыптасып отыр. Мамандардың айтуынша, Ресей Федерациясынан судың мол көлемі 2-3 күнде қаламызға жетеді. Қауіпті деңгей 8,5 метр болса, қазір Жайықтың деңгейі 8 метрге жуықтады. Су тасқынына қарсы жұмысқа жергілікті атқарушы органның және төтенше жағдай қызметінің барлық ресурсы тартылды. Қазір 350 арнайы техника, 2000-ға жуық адам тасқынға тосқауыл қоюға жұмылдырылған. Сондай-ақ өзге өңірлерден, облысымыздың аудандарынан келген әскери қызметшілер, төтеншеліктер және еріктілер бұл жұмысқа белсене атсалысып жатыр, - делінген хабарламада.

Әкімдік Жайық жайылымындағы саяжайлардың, су басу қаупі жоғары Курени, Старица, Коминтерн аудандарының тұрғындары эвакуация жасау қажет екенін ескертті.

Ең бастысы - азаматтардың амандығы. Сондықтан Жайық жайылымындағы саяжайлардың, су басу қаупі жоғары Курени, Старица, Коминтерн аудандарының тұрғындары эвакуация жасау қажет. Судың мол көлемі кез-келген уақытта жетіп, үйіңізді су басуы мүмкін. Өзіңіздің және жақын адамдарыңыздың өмірін қауіпке тікпей, шұғыл түрде тума-туыс, достарыңыздың үйіне орналасыңыз. Уақытша баратын үй болмаса, қалада эвакуациялық пункттер жасақталған. Олар тұрғындарды күні-түні үздіксіз қабылдайды. Сұрақтар бойынша қалалық штабқа 24-05-70 және 24-01-94 телефон нөмірлері арқылы хабарласуға болады. Эвакуацияны қазірден бастаңыз!, - делінген әкімдік хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы