Атырау қаласында эвакопункттеріндегі балаларға мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Балаларды қорғау күні қарсаңында, ТЖД қызметкерлері Талдыкөл ауылынан эвакуацияланған балаларға мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шара «APEC PetroTechnic» колледжінің ауласында өткізілді.
Бүлдіршіндер өрт сөндіру автокөліктеріне отырып, олардың ерекшеліктерімен, өрт сөндірушінің жауынгерлік киімдерімен, құтқарушылардың авариялық-құрал жабдықтарымен және қауіпсіздік ережелерімен танысты.
Құтқарушы ит Оллиді көрген бүлдіршіндер шынайы қуаныштарын жасырмады.
Шара соңында Апаттар медицинасы орталығының психологы командалық ойын элементтерімен тренинг өткізді. Мерекелік іс-шараға Талдыкөл ауылынан эвакуацияланған 133 бала қатысты, - делінген хабарламада.