Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Еуропарламент Урсула фон дер Ляйенге қатысты сенімсіздік вотумын төртінші рет қабылдамады

Бүгiн, 03:48
117
Бөлісу:
 Урсула фон дер Ляйен / @vonderleyen в X  парақшасы
Фото: Урсула фон дер Ляйен / @vonderleyen в X парақшасы

Еуропарламент депутаттары Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенге қатысты сенімсіздік вотумын қабылдамады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл бастаманы Еуроодақтың МЕРКОСУР – Латын Америкасы елдері тобы­мен келісімге қол қоюына қарсы шыққан француз оңшыл популистері ұсынған, – деп хабарлайды DW.

Дауыс беру қорытындысы бойынша, 390 еуродепутат сенімсіздік вотумына қарсы дауыс берсе, 165 депутат француз оңшыл популистерінің бастамасын қолдады. Фон дер Ляйенге сенімсіздік білдіру үшін қажет болған үштен екі дауыс жиналмады.

Француз оңшыл популистерінің көшбасшысы Жордан Барделла және оның «Еуропа үшін патриоттар» атты тобының мүшелері МЕРКОСУР құрамындағы Оңтүстік Америка елдерімен жасалған сауда келісіміне байланысты фон дер Ляйенге сенімсіздік вотумын дауысқа салуды ұсынды. Олардың айтуынша, Еурокомиссия басшысы еуропалық фермерлер мен азаматтардың пікірін елемей отыр.

Бұл – Еуропарламенттің қазіргі шақырылымында сенімсіздік вотумын жариялау бойынша төртінші сәтсіз дауыс беру.

Бұған дейін Урсула фон дер Ляйен миграциялық саясаты үшін сынға ұшырап, әрекеттерінің ашық еместігі мен цензураға жол берді деп айыпталған. Сонымен қатар, коронавирус пандемиясы кезінде вакцина сатып алу мәселесіне қатысты Pfizer фармацевтикалық компаниясының басшысымен алмасқан хабарламалар төңірегіндегі жанжал да себептердің бірі болған.

Қаңтар айының басында Еуроодаққа мүше елдер фермерлердің наразылығына қарамастан, МЕРКОСУР-пен келісімге қол қоюды мақұлдады. Еурокомиссия мен Латын Америкасы елдері арасындағы келіссөздер шамамен 25 жылға созылған.

Өзгелердің жаңалығы