Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық нейрохирургия орталығының профессоры Серік Ақшолақов мәлімдеді.
Нейрохирургтің айтуынша, астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында 35 мыңнан астам күрделі операциялар жасалған.
Медицина саласы бір орында тұрмайды. Заманауи технология бір жылдан соң «ескіруі» мүмкін. Сондықтан біз Үкіметке өз пікірімізді жеткізіп отырамыз. Сол технологияның арқасында біздің орталық Еуропа емханаларынан ешбір кем түскен емес. Қазір күрделі ауруларды, Паркинсон ауруын емдейтін жаңа аппараттар шығып жатыр. Ол туралы мен Үкіметте айттым. Қолдау таптым деуге болады. Үкімет тарапынан жағдайды толық түсініп отыр, - деді Серік Ақшолақов елордада өтіп жатқан Халықаралық нейрохирургия форумының кулуарында.
Сондай-ақ ол 15 жылға жуық уақыт ішінде өзі басқарып отырған орталықта қанша операция жасалғанына тоқталды.
Орталықта жұмыс істеп келе жатқан 14 жыл ішінде 35 мыңнан астам күрделі операция жасадық. Оның ішінде 95%-ы халыққа квота арқылы тегін жасалды. Қазір бізде шетелден де пациенттер келе бастады. Медициналық сақтандыру көмегімен ота жасатқан адамдар да бар. Ми тамырларына жасалатын операциялар қымбат тұрады. Олардың құны мемлекет тарапынан төленеді, - деді дәрігер.