Ақордада Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррельдің қатысуымен баспасөз конференциясы өтіп жатыр, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Біз осы және басқа мәселелерді тек екіжақты бағытта ғана емес, өңірлік форматта да қарастыруды маңызды деп санаймыз. Еліміз Орталық Азия және Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Осы себептен Мемлекет басшысы Астанада Орталық Азия – Еуроодақ көшбасшыларының алғашқы кездесуін өткізуге бастамашылық етіп, оның қорытындысы бойынша барлық тараптар осындай іс-шараларды тұрақты негізде өткізу туралы шешім қабылдады. Біз Самарқандта өтуге жоспарланған Министрлік кездесу мен Орталық Азия – Еуроодақ өзара байланыс жөніндегі конференциясын жоғары деңгейдегі диалогтың дәйекті жалғасы ретінде қарастырамыз, - деп мәлімдеді Мұхтар Тілеуберді.
Айтуынша, геосаяси жағдай, оның ішінде тауарларды жеткізудің жаһандық тізбегін қамтамасыз ету үшін халықаралық көлік дәліздерін дамытудың маңыздылығы туралы сөз қозғалды.
Соның ішінде, Еуропалық Одақтың «Транскаспий халықаралық көлік бағытын» дамытуды қолдау жолдарын талқыладық, - деді Сыртқы істер министрі.
Сонымен қатар Тілеубердінің айтуына қарағанда, тараптар өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасқан.
Украинадағы қақтығысты, Сириядағы, Ауғанстандағы жағдайды, сондай-ақ Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі, қауіпсіздік және орнықты даму мәселелерін қоса алғанда, әлемдегі соңғы ахуал талқыланды, - деді ол.