Еуропалық компаниялар ресейлік газды қайта импорттауға мүдделі

14 Сәуір 2025, 20:02
641
Бөлісу:
Еуропалық компаниялар ресейлік газды қайта импорттауға мүдделі
Фото: pixabay.com

Еуропалық ірі компаниялардың басшылары осыдан бір жыл бұрын айту мүмкін болмаған пікірді ашық білдіре бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап. 

Материалда айтылғандай, Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігі әлсіз күйде, ал ЕО-ның балама көздер бойынша мүмкіндіктері шектеулі. Катармен – әлемдегі ең ірі сұйытылған табиғи газ (СТБ) өндірушімен – газ жеткізілімін арттыру туралы келіссөздер тығырыққа тірелген. Қайта жаңғыртылатын энергия көздерін енгізу жылдамдаса да, бұл ЕО-ға толық қауіпсіздік сезімін бере алмай отыр.

Франциялық Engie компаниясының атқарушы вице-президенті Дидье Олло Reuters-ке берген сұхбатында:

Егер Украинада ақылға қонымды бейбіт келісім орнаса, біз жылына 60, тіпті 70 млрд текше метр көлемінде ресейлік газды, оның ішінде СПГ-ны да импорттауға қайта орала алар едік, – деді.

Франция мемлекеті Engie компаниясының бір бөлігіне иелік етеді. Бұрын бұл компания «Газпром» газының ең ірі тұтынушыларының бірі болған. Оллоның айтуынша, Ресей бұрынғыдай 40% емес, шамамен ЕО-ның газға деген сұранысының 20-25% қамтамасыз ете алады.

Сонымен қатар, француздық Total Energies компаниясының басшысы Патрик Пуянне Еуропаны АҚШ-тан келетін газға шамадан тыс тәуелді болмауға шақырды.

Біз газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруымыз керек, тек бір немесе екі елге сенім арту қауіпті, – деді ол.

Total – АҚШ-тан СПГ экспорттайтын ірі компаниялардың бірі әрі Ресейдің жекеменшік «Новатэк» компаниясы өндірген СПГ-ны да сатады.

Reuters дерегінше, 2024 жылы АҚШ газы ЕО-ның газ импортының 16,7%-ын қамтыған. Бұл көрсеткіш Норвегиядан (33,6%) кейінгі екінші, ал Ресей 18,8%-бен үшінші орында болған. Алайда Украина тарапынан құбырлардың жабылуына байланысты Ресейдің үлесі биыл 10%-дан төмен түседі деп күтілуде. Қалған жеткізілімдер негізінен «Новатэк» өндірген СПГ есебінен жүзеге асып отыр.

Өзгелердің жаңалығы