Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды сақтауын мониторингтеу бойынша бағалау раунды шеңберінде елордамызда еліміздің ІІМ делегацияларының және Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының (ГРЕКО) кездесуі өтті.
Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараның мақсаты - министрліктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы Еуропа Кеңесінің стандарттарына сәйкестігін бағалау.
Қазақстан ІІМ-нің атынан ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы Арман Саданов, құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен ведомство қызметкерлері қатысты.
Арман Саданов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында шетелдік әріптестер жинақтаған озық тәжірибені қолдануға және қабылдауға дайын екенін атап өтті.
Халықаралық ынтымақтастық – бұл біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекеттердің өзара іс-қимылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірыңғай стандарттарды белгілеуге, азаматтардың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғауға ықпал ететіні сөзсіз, - деді ол.
ІІМ департаментінің бастығы ГРЕКО сарапшыларына ішкі істер органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормативтік құқықтық базаны дамыту туралы айтып берді.
Біз сыбайлас жемқорлықтан туындайтын қатерлердің жаһандық сипатын түсініп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық ықтимал шарасын қабылдаудамыз. Нәтижесінде соңғы үш жылда қызметкерлер жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 43%-ға, жыл басынан бері қылмыстардың жалпы саны 15%-ға, оның ішінде сыбайлас жемқорлық 8%-ға қысқарды, - деді ол.
Сондай-ақ сарапшыларға қазақстандық полицияны ауқымды реформалау, адам құқықтары жөніндегі халықаралық стандарттарды заңнамаға енгізу, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпараттар берілді.
Кездесу барысында Қазақстан тарапының өкілдері ГРЕКО сарапшыларының ішкі істер органдарының функциялары мен міндеттеріне, оның өкілеттіктері мен бағыныстылығына, полицейлердің кәсіби даярлығына байланысты сұрақтарына жауап берді.
ГРЕКО мамандары Қазақстан ІІМ-нің сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен көріністеріне қарсы іс-қимылға, сондай-ақ олармен күресу үшін бірлескен тиімді шешімдерді әзірлеуге қосқан үлесін атап өтіп, ведомство өкілдеріне ұсынылған ақпарат үшін алғыс білдірді.
Айта кетейік, ГРЕКО-ның міндеті - осы саладағы Еуропа Кеңесінің стандарттарын сақтау мониторингі арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жұмысты ұлттық деңгейде жетілдіру.
ГРЕКО құрамына жалпы халқы 1,2 миллиардқа жуық Еуропа, Америка және Азия мемлекеттері кіреді.
2020 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан ГРЕКО-ға 50-мүше мемлекет болды.