Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы PERSONA халықаралық клиникалық репродуктология орталығының бас директоры Вячеслав Локшин «ЭКО және репродуктивті денсаулық: 2021 жылы пациенттерді қандай өзгерістер күтіп тұр» атты онлайн дәріс барысында айтты.
Академиктің айтуынша, қазір Еуропада туып жатқан балалардың 7%-ы репродуктивті технология жолмен өмірге келіп жатыр екен.
Ондағы халықты 1 млн-ға шаққанда 1,5-2,5 мың адам ЭКО-ға жүгінеді. Ал Қазақстанда ЭКО жолымен өмірге келетін балалар көрсеткіші 0,70 пайызды құрайды, яғни 520 бала. Дамушы елдерде репродуктивті технологиямен келетін балалар неге аз дегенге келсек, басты мәселе оның қолжетімсіздігінде. Оған қоса ЭКО жайындағы ақпараттар да жеткілікті емес және басты мәселе қаржылық жағынан туындайды. Бізде ЭКО жасату 1 млн теңге шамасында, яғни 2 мың доллар. Бұл әлем бойынша ең арзан, - дейді ол.
Сонымен қатар ол репродуктивті жолмен баланы өмірге әкелу тиімділігі әйелдердің жасына, денсаулығына да байланысты екенін айтты.
Әйелдердің жасы ұлғайып, 40-қа жақындағанда балалы болу мүмкіндігі төмендейді, ал 44 жастан кейін мүлдем іске аспайды, - дейді академик.
Қазақстанда ЭКО зертханасының жұмыс істеп жатқанына биыл 25 жыл толып отыр. Президент келесі жылдан бастап ЭКО жүйесіне квотаны арттыруға тапсырма берді.